Accessibility links

Энергетика министрлігі: "Лукойл" активтеріне сатып алу жоспарда жоқ, бірақ талқы жүріп жатыр


Астана ресейлік "Лукойл" мұнай компаниясының Қазақстандағы активтерін сатып алуды әзірге қарастырып отырған жоқ. Бұл туралы энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовқа сілтеп Vlast.kz басылымы хабарлады.

Бірақ Жаркешов бұл мәселе талқыланып жатқанын, алда осы жөнінде жаңалық шығып қалуы мүмкін екенін айтты. Шенеуніктің сөзінше, талқыға сыртқы істер министрлігі де қосылған, өйткені "Лукойлдың" шетелдегі активтерін сату мәселесі халықаралық санкциялардан туып отыр.

"Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов халықаралық консультанттар көмегіне жүгініп, "ҚазМұнайГаз" үшін бірнеше сценарий әзірлеп жатқанын айтты.

– Бір жағынан, "Лукойл" Қазақстан үшін, "ҚазМұнайГаз" үшін сенімді серіктес болды. Екінші жағынан, біз заңға және жарияланған санкциялық шараларға сай жұмыс істейтін әділ корпоративті азаматпыз. Сол себепті біз жақын арада бұл бағытта санкциялық шектеулерді ескере отырып қалай жұмыс істейтінімізді анықтаймыз, – деді Жақыпов.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл мәселе әзірге үкімет деңгейінде талқыланып жатпағанын айтты. Оның сөзінше, санкциялардың экономикаға және компанияға әсері әрі талданып жатыр, нәтижесі аптаның аяғына дейін шығып қалуы керек.

"Лукойл" меншігінде штаб-пәтері Женевада орналасқан трейдер, Румыния мен Болгариядағы мұнай өңдеу зауыттары және Нидерландыдағы мұнай өңдеу зауытының үлесі бар. Сондай-ақ, компания Ресейден бөлек Еуроодақ, Грузия, Балқан елдерін қамтитын 2,5 мың жанармай бекетінен тұратын желіге иелік етеді. Сонымен қатар "Лукойл" активіне Ирактағы газды барлау және өңдеумен айналысатын мекеме кіреді. Бұдан бөлек, ресейлік мұнай компаниясы Қазақстан, Өзбекстан, Конго және Мексика елдерінде өндіру жобаларына қатысады.

"Лукойл" сайтындағы ақпаратқа қарағанда, компания Қазақстандағы "Теңізшевройл" жобасының 5 пайызына, "Қарашығанақтың" 13,5 пайызына, "Құмкөлдің" 50 пайызына, "Каспий құбыр консорциумының" 12,5 пайызына иелік етеді.

XS
SM
MD
LG