Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Семей колониясындағы жағдай туралы тараған хабар жөнінде мәлімдеме жасап, жаза өтеуші бір адам қайтыс болғанын растады, қалған ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Зорлау бойынша жазасын өтеп жатқан сотталушы хәлі нашарлағанын айтып мекеменің медициналық бөліміне жүгінген. Тексеру нәтижесінде оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, дереу жедел жәрдем шақырылған. Алайда сотталушы қабылданған шараларға қарамастан қайтыс болды" деді ҚАЖК бастапқы ақпарат бойынша өлім себебі инсульт екенін айтып.
Демалыс күндері желіде Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласындағы колонияда жазасын өтеушілер Семейге алып кетіп жатқаны туралы, онда төтенше жағдай болып бір сотталушы қайтыс болғаны, тоғыз адам ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушыларды жаппай ауруханаға жеткізгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, жалған ақпарат таратпауға шақырды. ҚАЖК өкілінің Азаттыққа айтуынша, Шемонаиха колониясындағы сотталушылар Семейдегі жаңа колонияға жоспарға сай көшірілген.