Дүйсенбі, 20 қазан күні Конгрестегі өкілдер палатасының мүшелері Сидней Кай Камлагер-Дав (ханым) мен Уильям Патрик Хейзенга (мырза) АҚШ президенті Дональд Трампқа хат жолдап, одан мемлекет басшыларының қатысуымен "Орталық Азия және АҚШ" саммитін өткізуді сұрады. Хат авторлары Азаттық радиосы журналистерінің аккредитация мәселесін де атап өтті.
Камлагер-Дав пен Хейзенга АҚШ президентін "Орталық Азия + 1" (C5+1) дипломатиялық форматының 10 жылдығы аясында биыл Вашингтонда аймақ басшыларымен кездесуге үндеді.
"БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Қазақстан мен Өзбекстан президенттерімен кездескеніңіз, сондай-ақ мемлекеттік хатшы Рубио мен әкімшіліктің жоғары лауазымды қызметкерлерінің кездесулері Орталық Азияның маңызын көрсетті" дейді заң шығарушылар. "Елеулі нәтиже беретін лидерлер саммиті аймақтағы әріптестікті күшейтіп, 10 жылдықтың дипломатиялық әлеуетін арттырады. Бұл президенттігіңіздің қалған мерзімінде АҚШ-тың аймақпен қарым-қатынасының сипатын белгілейді".
Республикалық партияның мүшесі Уильям Патрик Хейзенга – Өкілдер палатасындағы Оңтүстік және Орталық Азия кіші комитетінің жетекшісі. Ал Демократиялық партияның мүшесі Сидней Кай Камлагер-Дав – осы кіші комитеттің азшылық партия атынан өкілдік ететін мәртебелі мүшесі.
Хейзенга мен Камлагер-Дав 2015 жылы басталған C5+1 форматы Трамптың бірінші мерзімінде сыртқы істер министрлер деңгейінде жыл сайын өткенін, биыл БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде бұл саммит өтпей қалғанын атап өткен.
2023 жылы Нью-Йоркте "Орталық Азия және АҚШ" саммиті мемлекет басшылары деңгейінде алғаш рет өткен. Ол кезде АҚШ президенті Джо Байден болатын. Егер Трамп аймақ басшыларымен жиын өткізсе, бұл президенттердің осы құрамдағы екінші кездесуі болмақ.
"Біз сондай-ақ адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын, АҚШ-тың жұмсақ күшін ұлғайтатын жаңа келісімдер жасалады деп үміттенеміз" дейді хат авторлары "Бейбітшілік корпусы" бағдарламасы аясында қосымша еріктілер тартуды, білім және мәдени алмасу бағдарламаларын арттыруды және АҚШ қаржыландыратын журналистер тап болған аккредитация мәселесін қозғауды мысал етіп.
АҚШ конгресі қаржыландыратын Азаттық радиосы Қазақстанға да хабар таратады, 1990-жылдардың басынан бері журналистері ел ішінде жүріп жұмыс істейді. Қазақстан заңы бойынша, шетелдік БАҚ өкілдері ел аумағында жұмыс істеуі үшін жергілікті сыртқы істер министрлігінен аккредитация құжатын алуы керек. Биыл Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 16 журналисін аккредиттеуден бас тартқан.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі Қазақстан Конституциясына қайшы деп санайды.
- Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азаттық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген. Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.
- Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға үндеген.
- "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.