Жексенбі, 19 қазан күні Израиль әскері Газадағы бітім қайта күшіне енді деп мәлімдеді. Соның алдында ғана ұйымдастырушысы белгісіз бір шабуыл кезінде Израильдің екі сарбазы қаза тапқан. Артынша Израиль Газаға соққы жасап, палестиналықтар 26 адам мерт болғанын айтты. Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің қатысуымен жасалған бітім келісімі әлі де күшінде деді. Ол келісімді бұзды деген шабуылға ХАМАС (Еуроодақ пен АҚШ террор ұйымы деп таныған) басшылығының қатысы жоқ деп сенетінін, егер қатысы болса, қатаң әрі лайықты қадам жасалатынын айтты.
Президент ұшағында журналистермен сөйлескен Трамп Израильдің шабуылы орынды не орынсыз екенін әзірге білмейтінін, бұл мәселе бойынша кейінірек жауап беретінін айтты.
Израиль қауіпсіздік күштері Газаға гуманитарлық көмек жеткізу дүйсенбі күні жалғасатынын мәлімдеп отыр. Тель-Авив соның алдында ғана ХАМАС бітім келісімін бұзды деп гуманитарлық көмектің жеткізілуін тоқтатып қойған.
Тель-Авивтің сөзінше, ХАМАС-тың қарулы тобы Израиль әскеріне танкке қарсы зымырандармен шабуылдап, сарбаздар қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС-тың Газадағы дала командирлерін, туннельдер мен қару-жарақ қоймаларын нысанаға алған.
Израильдің Газадағы шабуылынан кемі 26 адам опат болған. Оның ішінде кемі бір әйел және бір бала бар. Бұл туралы жергілікті жұрт пен денсаулық сақтау мекемелері хабарлаған.
ХАМАС-тың қарулы тобы бітім келісіміне берік екенін, Рафахтағы қақтығыстан хабары болмағанын, ол жердегі топтармен наурыз айынан бері байланыста емес екенін мәлімдеді.
Бітім келісімі бұзыла ма деп қауіптенген палестиналықтар дүкенге барып, азық-түлік қорын жинай бастаған.
Қыркүйектің аяғында Трамп Газадағы бейбітшілік жоспарын жариялап, көп ұзамай ХАМАС пен Израиль сол жоспарға көнетінін хабарлады. Өткен аптада осы келісімнің негізінде Израиль мен ХАМАС тұтқын алмасты. Палестиналық қарулы топ Израильге 20 тірі кепіл тұтқынды және оннан астам израильдік тұтқынның сүйегін қайтарды. Ал Израиль өз аумағында түрмеде отырған 2 мыңға тарта палестиналықты босатты.
Таяу Шығыстағы кейінгі ірі қақтығысқа 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылы түрткі болған. Бұған жауап ретінде Израиль Газада ауқымды әскери операция бастады.