Үндістан мен Орталық Азия елдері қауіпсіздік мәселесін шешу үшін Ауғанстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға келісті.
Мұндай шешім 16 қазанда Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен "Орталық Азия - Үндістан" форматындағы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерінің үшінші кездесуінде қабылданды.
Келіссөз ауған-пәкістан шекарасында қақтығыс күшейген тұста өтті.
Қатысушылар терроризм, радикалдану, экстремизм және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады деп хабарлады Үндістан сыртқы істер министрлігі.
Қауіпсіздік органдарының кеңесшілері мен өкілдері Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылық бүкіл аймақ үшін маңызды екенін атап өткен. Тараптар «қауіпсіздік мәселелері бойынша, сондай-ақ ұзақ мерзімді тұрақтылықтың өзегі саналатын көлік және экономикалық байланыс салаларында Ауғанстанмен тығыз ынтымақтастыққа келіскен».
Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның күштік құрылым өкілдерінің жоғары лауазымды тұлғалары мен қауіпсіздік кеңесшілері осымен үшінші рет кездесіп отыр. Тараптар қауіпсіздік ахуалы өзгерген жағдайда тұрақты диалог жүргізу қажеттігін атап өтті.
Қатысушылар сонымен қатар Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы көлік-экономикалық байланысты кеңейтуге басымдық беруге және цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект және озық технологиялар сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.