Accessibility links

Зеленский 17 қазан күні Вашингтонда Трамппен кездесетінін айтты


Украина президенті Владимир Зеленский жұма, 17 қазан күні Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесетінін айтты.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Зеленский Трамппен Украина әуе қорғанысын күшейту және ұзаққа ұшатын зымырандар алу мәселесін талқыламақ. Бұған дейін Киев АҚШ-тан "Томогавк" зымыранын сұраған. Трамп Ресей атысты тоқтатуға көнбесе, Украинаға осы зымыранды беру мүмкіндігін қарастырамын деген.

Бұған дейін Вашингтонда екі президенттің кездесуі өтетінін өз дереккөзіне сілтеп Financial Times газеті де хабарлаған. Ақ үй әзірге бұл кездесу туралы ақпарат таратпады. Кейінгі күндері Зеленский мен Трамп екі рет телефон арқылы сөйлескен.

Жұма күні журналистер сұрағына жауап берген Зеленский Трамппен сөйлескенде Ресейді бейбітшілікке көндіру үшін Украинаға қанша "Томогавк" зымыран керек екенін айттым деген.

Мәскеу Вашингтон Киевке "Томогавк" зымыранын берсе, соғыс ушығып, АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы қиындайтынын айтып келеді. Ресей билігінің кейбір өкілдері Украина "Томогавк" зымыранымен шабуылдаса, Ресей ядролық қарумен қарымта қайтаруы мүмкін екенін меңзеген. Өйткені "Томогавк" зымыраны ядролық бомбамен де жабдықталуы мүмкін дейді олар.

Осының алдында ғана Украина АҚШ-қа бір топ лауазымды қызметкерден тұратын делегация жіберген. Олардың қатарында Украина премьер-министрі Юлия Свириденко, президент офисінің жетекшісі Андрей Ермак, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Рустем Умеров бар. Бірақ Трамп пен Зеленскийдің кездесетіні туралы әлі ресми түрде хабарланбаған еді.

XS
SM
MD
LG