Дүйсенбі, 13 қазан күні Парламент мәжілісі ішкі істер министрлігінде көшпелі үкімет сағатын өткізіп, онда депутат Ринат Зайытов министр Ержан Сәденовтен қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығы жайлы сұрады.
"Сіз жаңа баяндамаңызда өте жақсы сөз айттыңыз Ержан Сапарбекұлы. "Түзету мекемесінің мақсаты – сотталғандарды тәрбиелеу" дедіңіз. Мен көп ньюанстарына бармай-ақ қояйын. Бірақ Қызылорда қаласының №60 түзету мекемесінде Мұхамедкәрім Думан Алмасұлы деген сотталушы бар. Оның не үшін сотталғанын, қалай сотталғанын барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Мен оған тоқтағым келмейді. Жарайды, тағдыры маңдайына жазылған. Өткенде Ермұрат Сейітқазыұлы [Бапи] сол жігіттің денсаулығына байланысты депутаттық сауал жолдады. Енді келген жауапқа не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Ол жауаптан сіз де хабардар шығарсыз. Менің сізге бір жағы өтінішім, бір жағы сұрағым. Мұхамедкәрім Думан Алмасұлының денсаулығын жабдықталған ауруханада тексертіп алу үшін не істеуіміз керек?" деді мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз жауабында қазір түзету мекемелерінің жанындағы денсаулық сақтау қызметі Ішкі істер министрлігіне қарамайтынын, адам өміріне қауіп болған кезде ауруханаға жатқызу туралы өтінішті дәрігерлер беретінін айтты.
"Мен сіздің сұрағыңызды түсіндім. Қазір қандай екенін қарап көрейік, сізге жауап береміз" деді министр.
Парламент мәжілісінің баспасөз қызметі депутаттардың сауалын Telegram-дағы ресми парақшасында жариялап отырды. Азаттықтың осы хабары жарық көргенге дейін Зайытовтың сауалы парақшада жарияланбады.
Азаттық депутаттың өзін сауалдың мән-жайы туралы сұрады, депутат пікір білдіруден бас тартты.
- Былтыр тамызда Қонаев қаласының соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталған журналист Думан Мұхамедкәрімді кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің өзі бұл айыппен келіспейді. Ол соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялаған. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
- Мұхаммедкәрімге қарсы қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
- 20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялай бастады. Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.
- Биыл маусымда журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов мәлімдеме жасап, Думан Мұхамедкәрім Қызылордадағы түзеу мекемесіне түскелі бірнеше мәрте тәртіп изоляторына түсіп, денсаулығы нашарлағанын айтқан.
- Қыркүйектің ортасында Думан Мұхамедкәрім 29 тамыздан бері аштық ұстап отырғаны, журналист өзін Алматыдағы түзеу мекемесіне ауыстыруды талап ететіні мәлім болды. Адвокаттың айтуынша, белсендінің аштық ұстауына 6 тамызда камерасына жарылғыш зат тасталғаны түрткі болған.
- Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
- Бұған дейін халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түскен. Қараша айының басында апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырды.