Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі болған Ержан Ашықбаевты сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындады.
2013-2021 жылы сыртқы істер министрінің орынбасары болған Ашықбаев кейінгі төрт жылда Астананың Вашингтондағы елшісі қызметін атқарып, бұл лауазымнан қыркүйектегі БҰҰ Бас ассамблеясынан соң босатылған. Сол кезде сыртқы істер министрі де ауысып, Мұрат Нұртілеудің орнына Ермек Көшербаев келген.
1974 жылы Алматы қаласында туған Ашықбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Гарвард университетінің Джон Ф. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде білім алып, халықаралық қатынастар саласының маманы, мемлекеттік басқару магистрі атанған. 2013 жылы вице-министр лауазымына тағайындалғанға дейін сыртқы істер министрлігінде, үкіметте және президент әкімшілігінде түрлі қызметтерді атқарған.
Бұған дейін сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған Ақан Рахметуллин қызметінен босатылды. Ол бұл қызметке былтыр мамырда тағайындалған. Әзірге оның қандай да бір қызметке бекітілгені туралы хабар тарамады.
Қазақстан президенті бүгін сондай-ақ Алтай Әбибуллаевты Қазақстанның Словениядағы елшісі қызметіне тағайындады. Ал Астананың Хорватиядағы елшісі Дәулет Батырашев Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы елші қызметін қатар атқаратын болды. Қазақстанның Алжирдегі елшісі Әнуарбек Ахметов те Тунистегі елшісі қызметін қатар алып жүреді.