Маңғыстау облысында мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қаза болды. Бұл жөнінде ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.
“7 қазанда Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметі департаментінде жазатайым оқиға болып, мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші қаза болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қасіреттің себебі техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы” деп жазылған шекара қызметінің хабарламасында.
Сарбаздың қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қосымша қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиілеп барады. Бірнеше күн бұрын Алматы облысында Қарасай шекара бөлімінде әскерге кеткеніне бір апта болған сарбаз қаза болған еді. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.
Қыркүйектің соңында Жетісу облысында десанттық шабуыл бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз оқу-жаттығу кезінде қаза болған. Оның алдында бірнеше күн бұрын Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде бір сарбаз қаза болған.
Қазақстан ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін елдер қатарында. Сондай-ақ елде келісімшарт негізінде қызмет ету тетігі қарастырылған. Әскердегі қайғылы оқиғалар көбейген тұста толықтай келісімшарт үлгісін көшуге үндегендер болған. Бірақ қорғаныс министрлігі толықтай келісімшартқа өту бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтқан.