Қазақстан 2026 жылы Германияға ай сайын 130 мың тоннаға дейін мұнай жібереді. "Қазмұнайгаз" бен Rosneft Deutschland арасында осындай келісім жасалған. Бұл туралы "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
"Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу жөніндегі қолданыстағы келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды (Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. ресурсынан). Келісімде мұнай жеткізу көлемін айына 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген" деді ұлттық компания баспасөз қызметі.
"Қазмұнайгаздың" хабарлауынша, Қазақстан мұнайы Германияға 2024 жылы "Қашаған" Б.В. қорынан, 2025 жылы "Теңізшевройл" ЖШС қорынан жіберіле бастаған.
"Роснефть" компаниясының Германиядағы еншілес мекемесі Rosneft Deutschland GmbH 2022 жылы Германия федерациялық желі агенттігіне бақылауына өткен.
Қазақстанның ұлттық операторы "Қазтрансойл" мұнайды "Транснефть" құбыр жүйесінің көмегімен Ресей аумағы арқылы тасымалдайды. Ары қарай Қазақстан мұнайы Беларусь аумағындағы "Гомельтранснефть Дружба" құбыр жүйесі арқылы Германияға жеткізіледі.
"Қазмұнайгаздың" мәліметінше, биыл тоғыз айда Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауытына 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайы экспортталған.
2 қазан күні "Қазмұнайгаз" басшысы Асхат Хасенов 2025 жылы кемі 1,7 млн тонна мұнай жеткізілетінін мәлімдеген. 2024 жылы Германияның Қазақстаннан мұнай импорты 1,5 млн тонна болған.