Accessibility links

Тағайындалғанына ай толмаған Франция премьері отставкаға кетті


 Себастьен Лекорню
Себастьен Лекорню

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню тағайындалғанына бір ай толмай отставкаға кетті. Бүгін ол басқарған үкіметтің алғашқы отырысы өтуі керек болған.

Ел президенті Эммануэль Макрон отставканы қабылдап үлгерді. Бұл туралы Le Figaro мен BFM TVхабарлады. Лекорнюдің үкімет басындағы уақыты Францияның кейінгі тарихындағы ең қысқа мерзім болды.

Содан бір күн бұрын ғана Лекорню жаңа министрлер кабинетінің құрамын жариялаған. Ондағы негізгі қызметтер Макронның жақтастарына және алдыңғы үкіметтің мүшелеріне бұйырған. BFM TV телеарнасының хабарлауынша, бұл құрам оппозицияның наразылығын тудырған.

Францияда жыл басынан бері осымен үшінші рет үкімет басшысы отставкаға кетіп отыр. 2022 жылдан бері санаса, елде алты премьер-министр қызметінен бас тартқан.

Бұрынғы үкімет басшысы Франсуа Байру тағайындалғанына 9 ай толғанда парламент оған сенімсіздік білдірді. Ол парламентке бюджет дефицитін азайтатын бюджет өткізе алмаған. Жексенбі күні сарапшылар Лекорню үкіметі де бюджетті өткізе алмауы мүмкін деген.

Le Figaro басылымы парламентті таратып, жаңа сайлау тағайындауға үндеп жүрген оппозициялық саясаткерлердің сөзін берді. Олардың кейбірі Макронның өзі отставкаға кетуі керек немесе оған импичмент жариялау керек дейді.

Үкімет құрамына кіретін Республикалық партия бүгін кабинеттен шығу туралы шешім қабылдауы ықтимал: партияның стратегиялық комитетінде осы мәселе жөнінде пікірсайыс өтуі қажет.

XS
SM
MD
LG