Accessibility links

Тоқаев: Қазақстан Ресей-Украина соғысында ара ағайын емес


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте кездескен сәт. 22 қыркүйек 2025 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте кездескен сәт. 22 қыркүйек 2025 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана Ресей мен Украина арасындағы соғыста ара ағайын емес деп мәлімдеді. Бұл туралы Ақордаға сілтеп, қазақстандық басылымдар хабарлады.

"Қазақстан әскери қақтығыста ара ағайын емес әрі өзін мұндай позицияда көрсетпейді. Меніңше, екі тарап барлық даулы мәселелер бойынша диалог жүргізуге қабілетті. Бұған дейін айтқанымдай, Украина дағдарысы аса күрделі, оны жеңіл-желпі қарастыруға болмайды" деген Тоқаев Нью-Йоркте (Цитата "Қазақпарат" агенттігінен алынды).

Тоқаев Украина мен Ресей арасында "аумақтық мәселемен қатар тарихи, тілдік, ұлттық, саяси мәселелер, яғни, Киев Русі, украин мемлекеттілігі мәселесі қатар жүріп жатыр" деп санайды. Ол "мәселелерге қарамастан келіссөздер жалғасуы керек" деп есептейді.

Тоқаев бұл соғыста "Қазақстан араағайын болмаса да, қажет болған жағдайда, келіссөздер мен кездесулерге алаң ұсынуға дайын" деп мәлімдеген.

"Жоғары деңгейдегі кездесулер әрқашан дипломаттар мен өзге де қызметтердің ауқымды дайындық жұмысынан кейін өтеді. Бұл – аксиома. Қақтығыс жүріп жатқанда, күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша қайшылықтар бар кезде нақты нәтиже күту – мүмкін емес жайт" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен Қазақстанда да кездесуге дайын екенін мәлімдеген еді.

“Біз Түркия, Сауд Арабиясы, Катар, Австрия, Швейцария сияқты бейтарап елдерді де ұсындық. Егер қаласаңдар, тіпті Қазақстан сияқты елде де [кездесейік] дедік. Біз дайынбыз” деген еді Зеленский америкалық Fox News арнасына.

Тоқаев қазір Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына барған. АҚШ-та ол Украина басшысы Зеленскиймен кездескен еді.

XS
SM
MD
LG