Accessibility links

Украина Новороссийскіні дрондармен шабуылдады. Каспий құбыр консорциумының кеңсесі бүлінген


Новороссийск
Новороссийск

24 қыркүйек күндіз Украина дрондармен Ресейдің Новороссийск қаласының орталығына шабуыл жасап, кемі екі адам қаза тапты. Бұл туралы Краснодар аймағының губернаторы Вениамин Кондратьев хабарлады.

Бұған қоса Украина суасты дрондарымен Новороссийск портына да шабуылдаған. Бұл портта Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай терминалы мен Қара теңіз флотының әскери-теңіз базасы орналасқан.

Аймақтағы жедел штаб Новороссийск қаласында жеті үй, "Новороссийск" қонақ үйі, 20 көлік бүлінгенін айтады. Екі адам қаза тауып, жеті адам жараланған. Зардап шеккендер арасында балалар да бар. Үш адамның жағдайы ауыр дейді штаб.

Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметі "дрон шабуылына байланысты компанияның кеңсесі жұмысын уақытша тоқтатқанын" хабарлады. "КҚК кеңсесі бүлініп, екі қызметкер жараланды" дейді компания.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл шабуыл жайлы ешқандай мәлімдеме жасамады. Украина тарабы да әзірге тыныш.

КҚК құбыр желісі Қазақстанның "Теңіз" кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Оның ұзындығы — 1,5 мың км. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай. "Теңіз" кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерге тиеліп, теңіз порттары арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына — Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді.

XS
SM
MD
LG