Accessibility links

DEMOSCOPE: халықтың 67 пайызы Қазақстан әскері сыртқы қауіптен қорғануға қауқарлы деп сенеді


Қазақстан халқының 66,9 пайызы ел әскері сыртқы әскери агрессияға төтеп бере алады деп санайды. Мұны DEMOSCOPE қоғамдық пікірді зерттеу бюросының сауалнамасы көрсетіп отыр.

"Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін қабылдау" тақырыбында өткен сауалнаманың қорытындысы бойынша, респонденттердің 31,9 пайызы Қазақстан әскері сыртқы агрессиядан "сөзсіз қорғай алады" десе, 35 пайызы "қорғай алатын шығар" деген. "Қорғай алмайтын шығар" дегендердің үлесі 15,8 пайыз, мүлдем қорғай алмайды дегендердің үлесі 10,4 пайыз. Қалғаны жауап беруге қиналатынын айтқан.

Сауалнамада осыған ұқсас тағы бір сұрақ бар. Онда респонденттерге "Қазақстан қарулы күштеріне қаншалықты сенесіз" деген сауал қойылған. Қатысушылардың 61,7 пайызы сенетінін, 22,3 пайызы бейтарап қарайтынын, 13 пайызы сенбейтінін айтқан.

"Қазақстан әскерінің негізгі мәселелері қандай?" деген сұраққа (екі нұсқаны белгілеуге рұқсат етілген) респонденттердің 37 пайызы "әскердегі зорлық пен әлімжеттік, 34,9 пайызы жемқорлық, 30 пайызы материалдық-техникалық базаның ескіруі деген.

Елде қарулы күштердегі жауынгерлер мен офицерлердің өлімі туралы хабарлар жиі шығып тұрады. Мәселен, өткен аптада Алматы облысындағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбек қайтыс болды. Алдын ала тергеу бойынша, сарбаз өзіне қол жұмсаған, туыстары оған сенбейді. Әскерде қайтыс болған сарбаздар мен қызметкерлердің туыстары әлімжеттікке көп сілтейді, бірақ ресми органдар оны жоққа шығарып, бұл оқиғалардың көбі әлеуметтік мәселеден болып жатыр деген.

Сондай-ақ кейінгі жылы маусымдық әскерге шақыру науқаны кезінде ер азаматтарды көшеден ұстап жатқаны туралы хабарлар да оқтын-оқтын тарап тұрды. DEMOSCOPE сауалнамада мұны да сұраған.

"Жақыныңыз әскерге шақырту алса, не істейсіз?" деген сұраққа қатысушылардың 38,3 пайызы туысының әскерге барғанын "толық қолдаймын"; 25,8 пайызы "қолдаймын, бірақ уайымдаймын"; 10,1 пайызы "әскерге бармаудың жолын табуға көмектесемін" деген. Ал 23,3 пайызы "өз шешімі, араласпаймын" деген нұсқаны таңдаған. 2,5 пайызы жауап беруге қиналған.

Сондай-ақ, респонденттердің 14 пайызы алдағы 5 жылда Қазақстанның қатысуымен әскер қақтығыс болуы ықтималдығын "жоғары"; 28 пайызы "орташа"; 13,2 пайызы "төмен" деп санайды.

Сонымен қатар "Қазақстан қай елмен әскери байланысты нығайтуы керек?" деген сұраққа респонденттердің 29,3 пайызы "ҰҚШҰ шеңберінде Ресеймен"; 22,6 пайызы "ШЫҰ шеңберінде Қытаймен"; 27,5 пайызы НАТО елдерімен; 20 пайызы Орталық Азиядағы көршілес елдермен деп жауап берген.

Қазақстан ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін елдер қатарында. Сондай-ақ елде келісімшарт негізінде қызмет ету тетігі қарастырылған. Әскердегі қайғылы оқиғалар көбейген тұста толықтай келісімшарт үлгісін көшуге үндегендер болған. Бірақ қорғаныс министрлігі толықтай келісімшартқа өту бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтқан.

Респонденттердің 17,7 пайызы қазіргі тәжірибе дұрыс; 36,6 пайызы толықтай келісімшартқа өту керек; 36,5 пайызы әскери борышты міндетті өтеуге оралу қажет деген.

DEMOSCOPE сөзіне қарағанда, респонденттер ішінде 18-29 аралығындағы азаматтардың пікірі жалпы топтан ерекшеленеді. Мәселен, жастардың 44,7 пайызы толықтай келісімшартқа өтуді қолдаған.

Жалпы топтағы респонденттердің 70,1 пайызы әскери мамандықты беделді санайды. Беделді емес дейтіндердің үлесі 22,1 пайыз.

Demoscope – MediaNet Халықаралық журналистика орталығы. Орталық бұл жобаны PAPERLAB зерттеу орталығымен бірге Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.

XS
SM
MD
LG