Украиналық әскерилер 18 қыркүйекке қараған түні Башқұртстандағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады. Украиналық Exilenova+ телеграм-арнасы Салават қаласындағы "Газпром нефтехим Салават" мұнай өңдеу зауыты шабуылға ұшырағанын жазып, Салаваттан фото мен видео жариялады.
Бұл қала майдан шебінен 1400 шақырымда жатыр. Башқұртстан басшысы Радий Хабиров "Газпром нефтехим Салават" зауытына дрон шабуылдағанын растады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.
Украинаның арнайы операциялар күші 18 қыркүйекке қараған түні Волгоградтағы "Лукойл-Волгограднефтепереработка" мұнай зауытына да шабуыл жасалғанын айтады. Украина тарабының ақпаратынша, мұнай өңдеу зауыты жұмысын уақытша тоқтатқан. Волгоград облысының губернаторы Андрей Бочанов аймаққа дрон шабуылдағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, үйлердің терезесі және шатыры бүлінген, зардап шеккендер жоқ. Бочанов зауытқа шабуыл жайлы ештеңе айтпады.