Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өтінішімен Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің аккредитацияға қатысты шағымын қарауды тоқтатты.
Адвокат Лилия Чаусованың сөзінше, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері бұған дейін "осыған ұқсас 7 тілшінің аккредитациясы бойынша" іс қарастырылғанын алға тартып, "бұл істер бір-біріне әсер етеді" деген. Олар алдыңғы іс бойынша шешім күшіне енгенге дейін істі қарауды тоқтатуды сұрады.
"Әрине, біз бұған келіскен жоқпыз. Қарсы болдық. Бұл істі қарауға ешқандай кедергі жоқ деп санаймыз. Бұл өзара қатысы жоқ екі бөлек іс. Онда жеті журналистің ісі. Оларға қатысты тағылған айып бөлек. Мұнда тоғыз журналист бар. Бізге әлі күнге дейін іс материалдарында не үшін аккредитация бермегені түсіндірілмеді. Шағымдарда негіздер әртүрлі. СІМ-нің де аккредитациядан бас тарту себептері әртүрлі. Алайда сот істі тоқтатуға негіз бар деп тапты", – деді Лилия Чаусова 17 қыркүйек күні Азаттыққа.
Ол сот анықтамасына қатысты шағым түсіретінін айтты. Егер жоғары инстанция анықтаманы құптамаса, онда сот жалғасады. Ал құптаса, бұл соттың әлі бірнеше айға созылып кететін түрі бар. Себебі алдыңғы іс бойынша шешімді апелляцияға беруге бір екі ай уақыт кетеді.
Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметі 9 тілшіні аккредиттеуден бас тартқан Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімін сотқа берген еді. Алғашқы сот тыңдауы 28 тамызда басталған.
Оның алдында, 20 тамызда Астана әкімшілік сотының судьясы Қайрат Смағұлов Азаттық радиосының жеті журналисіне аккредитация беруден бас тартқан Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімін заңды деп таныған. Сот шешімін түсіндірген ол тиісті аккредитациясы жоқ шетелдік БАҚ және шетелдік журналистерге ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салынатыны жазылған Қазақстанның "Масс-медиа туралы" заңының 30-бабының 4-тармағына сүйенгенін айтты. Ал талап-арыз беруші тараптың заңгері шешімді апелляцияға беретінін айтқан.
Қазақстан СІМ Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынатыны жазылған заң нормасын бұзды деп мәлімдеген. Ал редакция заңгерлері Азаттық қызметкерлерінің аккредитация мерзімін ұзарту бойынша уақытылы берген өтінішін қарауды министрліктің өзі бірнеше айға созып, кейін сол кезеңде кәсіби қызметімен айналысқан журналистерді "қисынсыз уәжбен" аккредиттеуден бас тартқанын айтқан.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі Қазақстан Конституциясына қайшы деп мәлімдеді.
- Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азаттық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген. Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.
- Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға үндеген.
- "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.