15 қыркүйек Израиль қорғаныс министрі (ЦАХАЛ) Газа секторына жаяу әскермен операция бастады. Бұл туралы америкалық The Jerusalem Post пен Axios хабарлады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да "Израиль әскері Газа секторына қарқынды операция бастағанын" айтты.
Алдын ала ақпарат бойынша, Израиль әскері алдымен Газаға әуеден соққы жасап, кейін қалаға танкілер кірген. ЦАХАЛ өкілі басылымдарға Израиль әскерилері Газаға енгенін, жақын күндері қосымша күш қосылатынын айтқан.
Израильдің бұл операциясы басталмай тұрып, палестиналықтар Газадан кетіп, "гуманитарлық аймаққа" қашқан. Ақпаратқа қарағанда, Газадан 300 мыңдай адам кеткен. The Jerusalem Post басылымы 700 мың адам қалды дейді.
Израиль Газаға жаяу әскер кіргізерден бірер сағат бұрын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израиль премьері Нетаньяхумен кездескен. Axios агенттігінің мәліметінше, Рубио АҚШ президенті Трамп әкімшілігі Израильдің Газаға жаяу әскер операциясын қолдайтынын, бірақ бұл шабуыл тез болғанын қалайтынын айтқан.
- Газа секторын бақылап отырған ХАМАС ұйымы (АҚШ, ЕО, Израиль террорлық ұйым деп таныған) 2023 жылы 7 қазанда Израильге шабуыл жасап, 1200 бейбіт тұрғын қаза тауып, 250 адам кепілге алынған. Осыдан соң Израиль Газа секторына шабуыл бастаған. Қазірге дейін ХАМАС қолында 50 тұтқын (20 тұтқын тірі, қалғаны қаза тапқан деген ақпарат бар) отыр.
- ХАМАС-тың бақылауындағы денсаулық министрлігі Газа секторында қақтығыс басталғалы 65 мыңнан аса адам қаза болды дейді.