Accessibility links

Қазақстан зейнетақы жинағын тіс емдеуге жұмсауға тыйым салмақ


Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі "Ашық үкімет" сайтында зейнетақы жинағынан төлеуге болатын медициналық қызметтерден стоматология қызметін алып тастауды ұсынатын бұйрық жобасын жариялады.

Министрлік осылайша 2021 жылғы 15 ақпанда шыққан "Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа түзету енгізбек.

Құжаттың сипаттамасында зейнетақы жинағын мақсатсыз пайдалану жағдайлары көбейгені, оның ішінде тістерді протездеу және имплантациялау сияқты стоматологиялық қызметтер бары айтылады.

Құжатты жария талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Денсаулық сақтау министрлі мұндай ұсынысты былтыр да айтқан. Бірақ ол кезде қоғамнан қолдау таппады.

Бірақ биыл сәуірде зейнетақы жинағын ем шараларына жұмсау ережесі өзгертілді. Бұл өзгеріс мақсатсыз жұмсау фактілерінің алдын алу үшін жасалғаны айтылды.

Өткен аптада Қаржы мониторинг агенттігінің басшысы президентке зейнетақы жинағын пайдалануда болған құқықбұзушылықтар туралы баяндады. Агенттік дерегінше, стоматологиялық қызметке деп БЖЗҚ-дан негізсіз 200 млрд теңге алынған.

Осыдан соң, Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 15 қыркүйек пен 2026 жылғы 15 сәуір аралығында тіс емдеуге өтініш қабылдауды доғаратынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG