НАТО-ның шығыстағы шекараны қорғауға арналған "Шығыстағы сақшылар" операциясына британиялық "Тайфун" жойғыш ұшақтары қатысады. Ресей дрондарынан қауіп төнген тұста Польша әуесін британиялық ұшақтар күзетпек. Бұл туралы 15 қыркүйек күні Ұлыбритания қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
НАТО бас хатшысы Марк Рютте жұма күні "Шығыстағы сақшылар" миссиясының басталғанын мәлімдеп, оған Ұлыбритания да қатысатынын айтқан, бірақ бұл жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.
10 қыркүйекке қараған түні Украинаға шабуылдау барысында Ресейдің 20-ға тарта дроны Польша аумағына өтіп кеткен.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, "Тайфун" ұшақтары Польшадағы миссиясына санаулы күнде кіріседі. Ұлыбритания бұл қадамға Польша бастаған консультация нәтижесінде барып отыр. Варшава НАТО шартының 4-бабына сілтеген.
Қорғаныс министрлігі миссияға нақты қанша ұшақ жұмылдырылатынын айтпады. Бұған дейін Польша әуесін күзетуге Данияның екі F-16 ұшағы, Францияның үш "Рафаль" ұшағы және Германияның төрт "Еурофайтер" ұшағы қатысатыны мәлім болған.
14 қыркүйек күні Польша президенті Кароль Навроцкий НАТО әскерін Польша аумағына кіргізуді мақұлдаған.