АҚШ пен Қытай Мадридте өткен сауда келіссөздерінде рамалық келісімге келді. Бұл TikTok платформасының АҚШ-та жұмыс істей беруіне жол ашады. Мұны АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеді.
Reuters және Bloomberg басылымдарына сұхбат берген Скотт Бессенттің айтуынша, қазір әзірленіп жатқан келісім шарттары АҚШ ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сөйте тұра әлеуметтік желі "қытайлық сипатын" сақтап қалады. Бірақ ол бұдан өзге ақпарат айтпады. Бессенттің сөзінше, АҚШ TikTok-ті жабамыз деген соң, Қытай тарабы келіссөз жүргізуге ілтипат білдірген.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде TikTok желісін меңзеп мәлімдеме жасаған. "Жастарымыз аман қалғысы келген белгілі бір компания жөнінде Қытаймен келісімге келдік" деді ол. Трамп шамасы TikTok-тың америкалық бөлімін айтқанға ұқсайды. Ол қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі.
Бұл жұмыс бұған дейінгі әкімшілік кезінде-ақ басталған. Ол кезде АҚШ Конгресі ByteDance компаниясын TikTok-тың америкалық бөлімін сатуға міндеттеген. Бұған ұлттық қауіпсіздік талабы себеп болған. Трамп TikTok-ты сатуға берілген уақытты ұзартып, Қытаймен келіссөз жүргізуді бұйырған.
19 қыркүйек күні Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлеспек. TikTok жөніндегі келіссөздің мән-жайы сол кезде мәлім болуы ықтимал. Бессенттің айтуынша, бұл келісім болмаса Трамп пен Си Цзиньпин сөйлеспес еді.