Accessibility links

Астанада кептелісті азайту үшін жаңа жұмыс кестесі енгізілді


Бүгін, 15 қыркүйектен бастап Астанада кейбір мекемелер жаңа жұмыс кестесіне көшті. Енді коммуналдық қызметтер, әкімдік жұмысты таңғы 7:30-дан бастайды, ал мемлекеттік қызметтер 7:30-8:00 арасында жұмысқа кіріседі. Әрі жұмысты да ертерек аяқтайды. Мектептер, ауруханалар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі бұрынғыдай бола бермек.

Билік осылайша Астанадағы кептелісті азайтып, таңғы және кешкі уақыттарда халықтың діттеген жеріне тез жетуге септесуді ойластырады. Әкімдіктің есебі бойынша, жаңа жұмыс кестесі қала көшесіндегі трафикті 15-20 пайызға азайтады. Қала басшылығы бұл бастаманы 31 тамызда жариялаған.

Үкіметтің есебінше, Астанада ресми түрде 1,5 млн адам тіркелген, бірақ қала күн сайын 1,9 млн адамға қызмет етеді.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында Астанада адам көп екенін айтып, мектептер мен ауруханаларда орын тапшы деген.

"Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек" деген еді Тоқаев.

XS
SM
MD
LG