Мұнай баррелі – 75 доллар, доллардың орташа бағамы – 470 теңге. 30 қазанда мәжіліс 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын осындай базалық көрсеткіштермен мақұлдады.
Үкімет 2025 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 5,6 пайыз, инфляция 5,5-7,5 пайыз болады деген болжам жасады. Бюджет шығыны қазіргідей кірісінен асады.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев бюджетке 2025 жылы – 15,6 триллион теңге, 2026 жылы – 16,7 триллион, 2027 жылы 18,2 триллион теңге шамасында кіріс түседі деген болжам айтты. Оған сәйкес, әр жылы 25,8 триллион, 23,2 триллион және 24,6 триллион теңге шығын жұмсалмақ.
Қазақстанның қаржы билігі бюджет әлі де тапшы екенін мойындап отыр. Оны жабуға үкімет шикізат сатудан түсетін қаржыға және болашақ ұрпақ үшін деп құрылған Ұлттық қор трансфертіне арқа сүйейді.
"Алда не боларын болжайтын болсақ, тәуекелдер жайлы да айту керек. Ұлттық қорға қаржы салудан ақша алу асып тұр. Мұндай жағдайда Ұлттық қор қаржысын көбейтуге әсер ететін жалғыз фактор – инвестициялық табыс. Ол биыл тоғыз айда 10,27 пайыз немесе 6,16 миллиард доллар болды. Соның есебінен ғана Ұлттық қор активтері жыл басынан бері 4,5 пайыз өсіп, 62,7 миллиард теңгеге жетті" деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 30 қазанда.
Сүлейменовтің мәліметінше, 2024 жылы Ұлттық қордан бөлінген трансферт шамасы 5,6 триллион теңге болған. 2025 жылға арналған бюджетте 5,3 триллион теңге деп белгіленген.
Сүлейменов мәжілісте қаралып жатқан жаңа салық кодексіне үміт артады. Ұлттық банк төрағасы кодекс "мемлекет бюджетін теңестіретін, салықтардың ЖІӨ-ге арасалмағын арттыратын тиімді құрал болуы керек" деп есептейді.
Қаржы министрлігінің басшысы Тәкиев үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді азайту үшін алдағы екі-үш жылда бюджет кірісін тұрақты ете алмаса, шығынды қысқартуға дайын деп айтты.
Үш жылдық бюджет жобасында Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын екі триллион теңге шамасында болады деген. Республикалық бюджет жобасы мен Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын мәжіліс қабылдады.
ПІКІРЛЕР