30 қазанда Түркістан облысы Төлеби аудандық сотында өткен жарыссөзде прокурор судьядан биыл көктемде Зағамбар ауылында болған тәртіпсіздіктен кейін дүние-мүлікті бүлдірді деген күдікке ілінген 14 адамның "Бұзақылық" бабы бойынша ісін қысқартып, бұл баппен қоса, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" айыбы тағылған бес адамды 3 жыл 6 айға бас еркіндігінен айыруды сұрады.
Айыпталушылар Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша кінәсін толық мойындап, шын өкінетінін айтты. Бұған қоса, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айыпталған бес адамның екеуі осы баптағы айыпты ішінара мойындады.
Қорғаушылар соттан бес адамға бас еркіндігінен айырудан басқадай жаза беруін сұрады. Олар сотталушыларды "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айыптауға негіз жоқ деді. Бүлінген мүлік құны 200 АЕК-ке (738 400 теңге) жетпейді деген уәж айтты. Мұндай жағдайда заңға сәйкес, іс қылмыстық емес, әкімшілік тәртіппен қаралуы керек деді олар.
Жәбірленушілер айыпталушыларға кешірім берді, олар материалдық шығын толық өтелгенін айтып, жарыссөзде соттан барынша жеңіл жаза беруді сұрады.
Бұған дейін айыпталушылар – Ердос Өскенбаев, Жеңіс Әбдіразақұлы, Саят Мамай қамаудан кепілмен босатылған, ал Ермек Пернебаев, Әбдіғани Нармет, Ернұр Мейірбек, Асан Сауырбаев, Дәурен Қабыл, Нұрдәулет Әзімхан, Бексұлтан Кауке, Аян Төлебек, Нұрсұлтан Истамбеков, Жайсанбек Қалыбеков пен Рахым Сламхан ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп, бостандықта жүр.
Айыптау актісінде айыпталушылар "кәмелет жасына толмаған қыз зорлық көріпті-мыс" деген хабарды естіген соң ауыл шетіне жиналып, "алдын ала сөз байласып, көліктер мен қораларды қасақана өртеуді жоспарлаған" деп жазылған.
Биыл 23 сәуірде Зағамбар ауылында аралас мектептің оқушы қызын "бірге оқитын жасөспірім зорлапты" деген суыт хабар тараған. 24 сәуірге қараған түні ауылда бірнеше көлік пен малқора өртеніп, белгісіз біреулер бірнеше үйге тас лақтырған. Зағамбарға полиция жасағы кіріп, интернет пен телефон байланысы өшірілген. Ертесіне таңертең ауылда арнайы жиын өтіп, түске жақын блокпост қойылған.
Кейін Түркістан облыстық полиция департаменті Зағамбар ауылында тұратын "кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша" тергеу басталғанын, күдікті ретінде жасөспірім мектеп оқушысы қамауға алынғанын хабарлады.
Бұл істе 10-сыныпта оқитын жасөспірім ұл күдікке ілінген еді. Онымен бір мектепте 9-сыныпта оқитын қыз жәбірленуші деп танылған.
24 қыркүйекте Түркістан соты 10-сынып оқушысын Қылмыстық кодекстің "Зорлау" бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жыл 6 айға бас еркіндігінен айырды.
Зағамбар ауылы Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласынан 7 шақырым қашықта орналасқан. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, жақын маңдағы жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, ауылда бес жарым мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілі тұрады.
ПІКІРЛЕР