Accessibility links

Талғардағы изолятордан қашып кеткен күдікті ұсталды


Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдіктіні ұстау сәті. Алматы облыстық полиция департаментінің фотосы.
Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдіктіні ұстау сәті. Алматы облыстық полиция департаментінің фотосы.

Талғардағы уақытша қамау изоляторынан қашып кеткен күдікті қолға түсті. Бұл жөнінде Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тереңқара ауылы маңындағы жедел іздестіру шаралары кезінде К. есімді күдікті ұсталды. Ол 21 қазанда уақытша қамау изоляторынан қашып кеткен. Іздеу шараларының басынан бастап полицияның барлық күштері жұмылдырылған. Бұған қоса төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы, қоғамдық көмекшілер мен жергілікті тұрғындар арасынан шыққан ерікті отрядтар көп ат салысты. Күдікті уақытша изоляторға қамалды. Оның негізгі айыбына қосымша қамаудан қашып кеткені үшін қылмыстық бап қосылды» делінген жұма күні тараған хабарламада.

Hola News-тің хабарлауынша, Талғардағы изолятордан қашып кеткен адамды полиция емес, еріктілер тапқан.

«Оны үш тәуліктен бері іздеп жүрген жергілікті жігіттер жолды кесіп өтіп, қамыс арасына тығылғанын байқап қалады. Олар жылдам әрекет ететін арнайы жасақты шақырып, күдіктіні бірге ұстаған. Видеода қашқын адам зорлады деген айып негізсіз екенін айтады» делінген ақпаратта. Полиция хабарламасында күдіктіні ұстау бойынша басқа нақты дерек айтылмайды, тек оны іздеуге ат салысқандарға алғыс айтады.

Желіде күдікті ұстау кезінде түсірілді деген видео да тарады.

Қылмысты ауырлатынын жағдайлармен адам зорлады деп айыпталған күдікті Алматы облысы Талғар қаласындағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдіктіге 22 қазанда іздеу жарияланған. Желіде тараған суреттегі ақпаратқа сәйкес, күдікті 21 қазан кешкі жетіде Талғар ауданындағы уақытша ұстау изоляторынан қашып шыққан.

Осы жағдайға байланысты облыста "Дабыл" жоспары енгізілген. Полиция басты жолдарға блокбекеттер қойған. Қамауда отырған күдікті изолятордан қалай қашып кеткенін анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.

4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адаммен жанжалдан 16 жастағы Шерзат Полат мерт болды. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейтті. Марқұмның әкесі мен туыстары іс әділетсіз тергеліп жатыр деп дабыл қағып, ауданда әледбір қылмыстық топ үстемдік құрады деген болжам айтылған. Осы оқиғадан кейін Талғарда Ұлттық ұлан сарбаздары, полицейлер мен полиция көліктері көбейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG