АҚШ президенті Джо Байден Вашингтон Ресейдің бұғатталған активтеріне есептелген пайыз ақшадан Киевке 20 миллиард доллар несие береді деді.
"Үлкен жетілік" (G7) елдері Мәскеу активтері Ресей Украинаға қарсы агрессиясын тоқтатқанға дейін және оған келтірген залалды өтегенге шейін бұғатталып тұратынына кепілдік берді.
"Ресей бұл қақтығыста жеңіске жетпейді. Украина халқы жеңеді, – деген АҚШ президенті мәлімдемесінде. – Бұл Владимир Путинге әлемнің Украина айналасына жиналғанын және АҚШ пен біздің G7-дегі серіктестеріміз оны әр қадам сайын қолдайтынына тағы бір ескерту".
Сейсенбі, 22 қазанда АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Вашингтонның G7 және Еуроодақтағы одақтастары Ресейдің бұғатталған активтерінен Украинаға жиыны 50 миллиард доллар несие беру бойынша жұмысты аяқтауға "өте жақын қалды" деп мәлімдеді.
Сол күні G7 және Еуроодақтағы заң шығарушылар Ресейдің бұғатталған активтерін несиеге пайдалануды мақұлдаған.
23 қазанда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесі Байден әкімшілігі Киевке 20 млрд доллар алдындағы міндеттемелері аясында Украинаға 10 миллиард доллар әскери көмек көрсетуге тырысып жатыр деп хабарлады (АҚШ-тың "Үлкен жетілік" және ЕО-мен келісілген 50 миллиард долларлық несие үлесі).
АҚШ желтоқсанға дейін экономикалық көмек ретінде Украинаға 10 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр, бірақ әскери көмек түрінде тағы 10 миллиард доллар бөлу үшін оны заң шығарушылар мақұлдауы қажет деді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесі.
Кеңес АҚШ биыл желтоқсанда Дүниежүзілік банктің сенімгерлік қорына 20 миллиард долларды ("Үлкен жетілік" пен Еуроодақ келіскен 50 миллиард доллар несиедегі АҚШ-тың беретін қаржысы) толықтай аударып қалуы да мүмкін деді, қор осы қаржыға жауапты болады. Қауіпсіздік кеңесі Ақ үй алдағы апталарда конгреспен келіссөздерді жалғастырады деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР