БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдегі Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС саммитіне ұшып барды. Бұл туралы Татарстан парламентінің баспасөз қызметі хабарлады. Оны әуежайдан Татарстан мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшин мен Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшин қарсы алған.
Осы айдың басында Гутерриш БРИКС саммитіне барады деген хабар айтыла бастады. Алайда оның саммитке қатысатыны 22 қазанда ғана ресми түрде расталды.
БҰҰ бас хатшысының баспасөз қызметі Гутерриш Қазан қаласында Украинадағы соғыс пен әділ бейбітшілік шарттарына қатысты халықаралық құқық нормаларына, БҰҰ жарғысы мен қарарларына негізделген "көпке белгілі өз ұстанымдарын растайды" деп хабарлады. Гутерриштің орынбасары бас хатшы Қара теңізде кемелердің қауіпсіз жүруін қалпына келтіруге "күш салуды жалғастырады" деді.
Гутерриш саммитке қатысатын елдердің басшыларымен, соның ішінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі керек. БРИКС-ке қатысатын елдердің басым бөлігі Ресейге салынған санкцияларға қосылмай, бейтарап статусты ұстанады.
22 қазанда Украина сыртқы істер министрлігі Гутерриштің Ресейге сапарын айыптаған. "БҰҰ бас хатшысы Украинаның Швейцариядағы бірінші ғаламдық бейбітшілік саммитіне шақыртуын қабылдамады. Алайда ол әскери қылмыскер Путиннің Қазанға шақыртуын қабылдады. Бұл – бейбітшілік ауылын жақындатпайтын қате таңдау. Бұл тек БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіреді" делінген Украина СІМ хабарламасында.
Гутерриштің өкілі Фархан Хак бұған жауап ретінде БҰҰ бас хатшысына саммитке қатысу маңызды, өйткені БРИКС елдерінде әлем халқының жартысы өмір сүреді деп айтты.
Гутерриш Ресейдің Украинаға агрессиясын бірнеше рет сынап, Мәскеу бастаған соғыс бейбітшілікке "қауіп" тудырып отыр деген.
БРИКС ұйымына әлемнің тоғыз ірі елі кіреді, олар – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, БАӘ, Иран, Египет және Эфиопия. Ұйым саммиті Қазан қаласында 22-24 қазан аралығында өтеді. Саммитке 30-дан астам елдің өкілі қатыспақ.
Қонақтардың арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. 16 қазанда президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевқа "Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түскенін", бірақ "қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалатынын" айтқан.
Украинаға басып кіргелі Мәскеудің көп елмен ара-қатынасы бүлінген. Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер бергелі ол бара алатын ел саны қысқарған. Ресейге де Батыс елдерінің ресми тұлғалары сирек келетін болды. Осындай жағдайда Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары бұл шара туралы көп хабар таратып жатыр.
ПІКІРЛЕР