22 қазанда Атырау облысы Қызылқоға ауданының соты жол ережесін бұзып, жасөспірім өліміне себеп болған полиция инспекторына үкім шығарды. Сот "Жол-көлік ережелерін бұзу" бабы бойынша айып тағылған полиция қызметкерін кісі өліміне кінәлі деп танып, екі жылға бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, сот оған бес жыл көлік жүргізуге тыйым салды. Сот үкімі туралы жарияланған ресми ақпаратта айыпталушының аты-жөнін көрсетілмеді.
25 сәуірде Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында 17 жастағы Кемелбай Мереке мотоциклмен полициядан қашып бара жатқанда мерт болған. 27 мамырда оның анасы Жанаргүл Шүренбай әлеуметтік желілерде видеоүндеу жариялап, ұлының өліміне полиция қызметкерлерін айыптаған. Ол ұлының соңынан полиция заңсыз қуып, өліміне себеп болды деп мәлімдеген.
Полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты қызметтік тергеу жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша, екі полиция қызметкері жұмыстан босатылған.
Соттың хабарлауынша, 17 жастағы Кемелбай Мереке артына екі жасөспірімді мінгестіріп алып, мотоцикл айдап бара жатқанда патрульдік полиция инспекторы оны тоқтатпақшы болған, бірақ жасөспірім талапқа бағынбаған. Полиция оларды қуып келе жатқан кезде Кемелбай Мереке мінген мотоцикл жолдан шығып кетіп құлаған. Сол сәтте полиция қызметкері қауіпсіздік шараларын сақтамай, жол жүру ережесін бұзып, жасөспірімді көлігімен қағып кеткен деді сот. Кемелбай Мереке ес жимастан сол жерде мерт болған.
Прокурор соттан айыпталушыны 2 жыл 6 айға бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап әділ жаза беруді талап етті. Полиция инспекторы тағылған айыпты толық мойындады. Сот үкім шығарарда айыпталушының кәмелет жасқа толмаған екі баласы барын және оның бұрын сотталмағанын ескерген.
ПІКІРЛЕР