Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні Светлана Назарбаева 77 жасында қайтыс болды деп хабарлады жергілікті басылымдар.
Алматы облысы Лепсі ауылында туған Светлана Назарбаева – бұрынғы президенттің туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың әйелі. Сатыбалды Назарбаев 1981 жылы 34 жасында жол апатынан қайтыс болған. Светлана Назарбаева – Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіштің анасы.
Марқұм Назарбаева мемлекеттік сатып алу порталында тапсырыс алған "Дәуір" баспасының құрылтайшысы және бас директоры болған.
Азаттық жүргізген "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінде Светлана Назарбаева мен балаларының шетелдегі жылжымайтын мүліктері жайлы деректер анықталған.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қайрат Сатыбалды Қазақстандағы ең ықпалды адамдардың бірі болды. 2022 жылы наурызда ол мемлекеттік компаниялардан ұрлап-жырлаған деген күдікпен қамауға алынып, сот үкімімен алты жылға түрмеге қамалды. Кейін Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Сатыбалдының иелігіндегі жүздеген миллиард теңгенің активтері мен ақша қаражаты мемлекетке қайтарылды деп мәлімдеді.
2024 жылы тамызда сот Қайрат Сатыбалдының түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды. Сатыбалды түрмеден шығар алдында: "Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша меморгандарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын" деген еді.
Биыл наурызда ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 8 жылға шартты жаза алды. Судья сотталушының жас балалары барын және шын жүректен өкінгенін ескеріп, шартты жаза берген.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасынан кейін әлсіреген. Қанды Қаңтардан кейін оның айналасындағы адамдардың кейбірі қызметтен алынып, кейбірі қамалды.
ПІКІРЛЕР