Accessibility links

Приозерскідегі әскери бөлімде сарбаз басына оқ тиіп мерт болған


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

14 қазанда Қарағанды облысы Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаз басына тиген оқтан қаза болды деп хабарлады құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген "ҚазАқпарат" агенттігі.

Оқыс оқиға сарбаз қарауылда тұрған кезде болған. Ол "қызмет кезінде бекітілген қарудан өзін бастан атқан" деді құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі. Құрлық әскерлері бұл жайттың әскери қызметті өтеуге қатысы жоқ деп мәлімдеді.

– Алдын ала ақпаратқа қарағанда, сарбаз отбасындағы тұрмыс жанжалына байланысты өзіне қол салған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – делінген ресми ақпаратта. Сарбаз өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі сарбаз әскери қызметі аяқталуына екі апта қалғанда мерт болды деді.

13 қазанда Қарағанды облысы Шахтинск қаласында Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаратын адам өзі тұрып жатқан пәтерде асылып тұрған жерінен табылған. Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығы оқиға қызметтен тыс уақытта болған деп мәлімдеген. Болжамды ақпарат бойынша, әскери қызметкер "отбасындағы тұрмыс жанжалы себебінен өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады оның қызмет орыны. Адам өлімі оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған, қазір оның жай-жапсары анықталып жатыр.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері "армиядағы өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп айтып жүр. Министрлік әскери қызметкерлер отбасындағы кикілжің кесірінен суицидке барады деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG