Accessibility links

Орыс әскері украин тұтқындарын атып тастағаны хабарланған. Киев БҰҰ-ға жүгінді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Украина Жоғарғы Радасының Адам құқықтары жөніндегі комиссары Дмитрий Лубинец Курск облысында Ресей әскери күштерінің тоғыз украиналық тұтқынды атып тастағанына байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы мен "Қызыл Крестке" хат жіберді.

Бұдан бұрын Украинаның Deepstate зерттеу жобасы Курск облысындағы орыс әскери күштері тұтқынға алынған тоғыз украиналықты атып өлтіргенін хабарлаған. Сарапшылардың пікірінше, оқиға 10 қазанда Зеленый Шлях ауылының маңында болған. Украин әскерилері орыстармен кездесіп, атыс басталған. Украиндердің оғы таусылған соң өз еркімен берілген. Орыс әскерилері олардың қаруын тартып алып, шешінуге бұйрық беріп, артынша атып тастаған. Deepstate жариялаған суреттерде іш киіммен жатқан адамдар көрінеді.

Украин омбудсмені хатында "Әлеуметтік желілерде ресейліктердің Курщинада тоғыз украиналық әскери тұтқынды атып тастағаны туралы ақпарат тарап жатыр. Мұндай әрекет әскери тұтқындарға қатынас туралы жазылған Женева конвенциясына қайшы келеді" дейді.

"Тағы да БҰҰ мен "Қызыл Крест" ұйымына ресейліктердің кезекті қылмысы бойынша хат жолдадым. Бұл әрекеттер жазасыз қалмауы керек және жау жауапқа тартылуы керек. Ресей – соғыстың барлық ережесін бұзып отырған террористік ел. Халықаралық қауымдастық мұндай қылмыстарға көз жұмбауы керек!" деп жазды Лубинец.

Халықаралық гуманитарлық құқық бойынша, өз еркімен берілген тұтқынды атып тастау әскери қылмысқа жатады. Ресей билігі бұл жағдай бойынша әзірше пікір білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG