Ресей әскері Донецк облысындағы Угледар қаласын басып алуға жақын қалды, екі жылға созылған шабуылдарға қарамастан, ол Украина қарулы күштерінің бақылауында тұрған.
Ресейлік әскери телеграм-арналардың хабарлауынша, Ресей әскері Угледардың батыс және оңтүстік-батыс қапталынан кірген. Бұл ақпаратты 30 қыркүйек кешке майдан картасын үнемі жаңартып отырған украиналық DeepState жобасы растады. Ресей әскері бірнеше күн бұрын Угледардың шығыс қапталынан кірген.
DeepState жобасы ресейлік әскери блогерлер жариялаған видеолардың қайда түсірілгенін зерттеген, онда ресейліктер қаланың батыс қапталындағы кемі екі үйге ту тіккен деп айтылған.
Угледардағы Украина әскерінің жағдайы өте қиын. Украиналық әскери блогерлердің мәліметінше, қаланың солтүстігінде Ресей әскерінің позициялары тұр. Қаланы қорғап жатқан Қара запорожьеліктер атындағы 72-механикаландырылған бригадасының жауынгерлері дер кезінде шегіне алмай, қазір Угледардан жараланғандарды алып кете алмай және шыға алмай отыр.
DeepState жобасының сарапшылары Угледарды бірер күнде алуы мүмкін деді.
Вашингтондағы соғысты зерттеу институты Ресейдің Угледар қаласын басып алуы Донецк облысының батысындағы соғыстың бағытын айтарлықтай өзгертуі екіталай, өйткені бұл қала негізгі логистикалық торап емес деп есептейді.
Угледар қаласында Украина қарулы күштерінің шамамен 2 мың адамнан тұратын 72-механикаландырылған бригадасы орналасқан. 2023 жылы қыста Украина әскері Ресей әскеріне шығын келтіріп, қалаға шабуыл жасаған.
ПІКІРЛЕР