Accessibility links

АЭС бойынша референдум алдында "сауалнама жүргізген" төрт адам, екі заңды тұлға жауапқа тартылды


Бас прокуратура 12 қыркүйекте Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдумға байланысты сауалнама жүргізген төрт азамат пен екі заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды деп хабарлады. Айыппұл алғандар Орталық референдум комиссиясын сауалнама жүргізетіні туралы алдын ала хабардар етпеген.

Прокуратура төрт азамат пен екі заңды тұлға сайлау заңнамасы талаптарын сақтамай, қоғамдық пікірге сауал жүргізді (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы 3-бөлігі) деді. Бас прокуратура сауалнама жүргізген тағы екі адамның ісі бар деді.

"Сайлау туралы" заңға сәйкес, Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірді зерттеу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттар көшірмелерін қоса беріп, Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар етіп сауал жүргізуге құқылы.

Заң бойынша, сауалнама жүргізу ережесін бұзған жеке тұлғаларға – 15 (55 380 теңге), заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (110 760 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

10 қыркүйекте Алматы қаласының әкімшілік соты YouTube-арнасында АЭС жайлы референдумға байланысты сауалнама жарияланған белсенді Абзал Достияровқа айыппұл салған. Белсенді сауалнаманы "бүкіл халықтың пікірі деп айтқан жоқпын" деді.

Бұған дейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Орталық референдум комиссиясы отырысында "министрлік онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізетін болады. Заңға қайшы белгілері бар материалдар бас прокуратураға жіберіледі" деп айтқан.

2 қыркүйекте парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне байланысты референдум 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді.

Референдумда "сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады. Орталық референдум комиссиясы АЭС бойынша референдум өткізуге 15,5 млрд теңге керек деген.

АЭС Алматы облысындағы Алматы облысы Үлкен ауылына жақын жерде салынады. Станцияны қай ел салатыны әлі белгісіз. Үкімет Ресей, Франция, Корея және Қытай компанияларының кандидатурасы қаралатынын айтқан.

Елде жаз бойы АЭС салу бойынша әр өңірде жария талқы өткен. Талқы кезінде АЭС құрылысына қарсы шыққандар болған. Олар АЭС Балқаш көлін ластайтынын, апат болса ел зиян шегетінін айтқан. Кейбір адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге тәуелділікті арттырады деп қауіптенген. Елде бір топ экология белсендісі Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, "АЭС керек емес" платформасын құрды. Сарапшылар АЭС салынса, болашақта экологияға қауіп төнеді деп алаңдайды.

"Қазақстанның атом электр станциялары" компаниясының бас директоры Тимур Жантикин "Атом станциясын салмасақ [Ресейге энергетикалық тәуелділік] арта береді. Ең қажет кездерде біз энергияны Ресейден сатып аламыз, ол біздегіден анағұрлым қымбат. Соның салдарынан тәуелділік туындайды. Егер өз энергиямызды, соның ішінде атом энергетикасын көп өндірсек, тәуелділік оншалық деңгейде болмайды" деген ндң Азаттыққа берген сұхбатында.

Жантикин АЭС Балқаш көлінің суын пайдаланғанымен, оған ешқандай зиянын тигізбейді, себебі АЭС-ке пайдаланылған су көлге қайта құйылмайды деп отыр. Ол атом электр станциясын 9 баллға дейін жер сілкінісіне шыдамды етіп салуға болады деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG