Accessibility links

Спутниктер Иран зымырандарын Ресейге жеткізген болуы мүмкін деген кемені суретке түсірген


Иран зымыраны. Көрнекі сурет.
Иран зымыраны. Көрнекі сурет.

Ұлыбританияның Sky News медиа компаниясы жүк таситын ресейлік "Порт Оля-3" кемесінің спутниктен түсірілген суреттерін жариялады. Украиналық дереккөздердің мәліметінше, кеме Ираннан Ресейге Украинадағы соғысқа қолданатын қару-жарақ тасымалдаған.

Ресей туы ілінген кеме 29 тамызда Иранның Әмірабад портынан Каспий теңізіне шыққан. 4 қыркүйекте Астрахан облысындағы Ресейдің Оля портына жеткен. Кемедегі жүкті пойызға тиеген.

Sky News медиа компаниясы сүйенген украиналық дереккөздердің айтуынша, кеме 225 дана "Фатех-360" жүйесінің қысқа қашықтағы баллистикалық зымыранын тасымалдаған болуы мүмкін. Дереккөздер қаруды Астрахан облысындағы Ашулук әскери полигонына жіберген болуы мүмкін деді.

Теңіздегі жүк тасымалын бақылайтын жүйе ақпаратына сәйкес, "Порт Оля-3" кемесі Ресей мен Иран арасына үнемі қатынайды.

10 қыркүйекте АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен барлау мәліметтеріне сүйеніп, Ресей Ираннан баллистикалық зымырандар алды және оны алдағы апталарда Украинада қолдануы мүмкін деп мәлімдеді. Ол Мәскеу мен Тегеран арасындағы әріптестік Еуропа қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деді.

Өткен аптада The Wall Street Journal газеті мен CNN арнасы дереккөздеріне сүйеніп, Иран Ресейге Украинадағы соғыста қолдану үшін зымырындарын жіберді деп жазған.

Иран мұны ресми түрде жоққа шығарды. 9 қыркүйекте Ислам революциясы сақшылары корпусының аға командирі Фазлулла Нозари Ирандағы ақпарат құралдарына зымыран беру туралы Батыс хабарламалары "психологиялық соғыстың" бөлігі деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG