Accessibility links

Марста 20 мың метр тереңдіктен сұйық күйіндегі су табылды


Марсты зерттеуші Insight аппаратынан түскен мәліметтер 12-20 мың метр тереңдікте су барын көрсетті. Су қоймасы жар қабаттарында жатыр. Бұл жөнінде Марс туралы жаңа деректерге сүйенген BBC жазды.

2018 жылы Марсқа қонған америкалық зондтың модуліне орнатылған сейсмометр төрт жыл бойы Марс қабаттарындағы тербелісті тіркеп келген. Оның нәтижесі ұлттық ғылым академиясының ғылыми еңбектер жинағында жарияланды.

Insight модулі Марста америкалық NASA ғарыш агенттігінің Discovery бағдарламасы бойынша істеген.

Марстағы сілкіністер туралы мәліметті сараптаған мамандар сұйық суға тән сейсмикалық сигналдарды анықтаған. Марс полюстерінде мұз бен буланған су бары бұған дейін белгілі болса да, жаңа деректер Марста су барын дәлелдей түседі.

Insight ғылыми миссиясы 2022 жылы желтоқсанда аяқталған. Төрт жыл ішінде зонд 1319 жер сілкінісін тіркеген.

"Марстың су циклын түсіну климат, топырақ және планета қойнауының эволюциясын түсінуде шешуші рөл атқарады" деді Сан-Диегодағы Калифорния университетінің океанография институтының жетекші зерттеушісі, доктор Вашан Райт.

"Марс бедерін зерттеу көне замандарда планетада өзен мен көл болғанын дәлелдейді. Марс атмосферадан айырылған кезде судың бір бөлігі ғарышқа тарап кеткен. Бірақ мысалы, Жерде "судың көп бөлігі планета үстінде орналасқан сияқты дәл осындай эволюция Марста болмады деуге себеп жоқ" деді Калифорния университетінің профессоры, ғылыми жинақтағы мақалалардың бірінің авторы Михаэль Манга.

XS
SM
MD
LG