Сауда министрлігі қазақстандықтардың "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петиция талаптарын қабылдамады. Бұл алдын ала шешім екені хабарланды. Ведомство өкілдерінің сөзінше, сағатты артқа жылжыту шешімі денсаулыққа кері әсер етті әрі электр энергиясын бұрынғыдан көп тұтынуға алып келді деген тұжырымдарға дәлел жоқ.
Жұма күні Астанада шағын залда өткен жария талқыға журналистер кіргізілген жоқ. Ақпарат құралдарына "орын жетпейтіні" айтылды. Ал онлайн қатысып, сұрақ қойғысы келген кейбір журналистер әлеуметтік желіде сұрақ қоюға мүмкіндік берілмегенін жазды.
Талқыға қатысқан денсаулық сақтау, энергетика, оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бірінен кейін бірі жаңа уақыт белдеуіне көшкеннен кейін “айтарлықтай өзгеріс болмағанын, шағымдар көбеймегенін” айтты. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев “адам ағзасы мұндай өзгерістерге тез бейімделетінін” атап өтіп, ғылым министрлігімен бірігіп зерттеу жүргізуге де дайын екенін айтты.
"Зерттеу ағзаның мұндай өзгерістерге бір екі күн және бірнеше ай ішінде бейімделетінін көрсетті" деді вице-министр.
Ал әлеуметтанушы Жанар Жандосованың айтуынша, жаңа уақыт белдеуі Шығыс Қазақстан облысына жайсыз.
"ШҚО-да 3:20-да таң атады. Сауыншылар жұмысқа бір-екі сағат бұрын баруға мәжбүр. Әрине, мұның бәрі реттеледі, жұмыс беруші "ертерек келіңіз" деп айта алады. Бірақ Қазақстанда түнгі ауысымда жұмыс істеу тиімді емес екенін жақсы білесіздер. Күндізгі уақытқа қарағанда оған көп төлейді. Бұл жұмыс берушіге де, түнгі сағат 2-де тұрып, сиыр саууға бару үшін ерте ұйықтауға мәжбүр сауыншыға да жаман. Шешім қабылдаған кезде осыны ескердіңіздер ме?" деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин бұған қызметкер жұмыс берушіге уақыт бойынша өтініш бере алады деп жауап берді.
Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова уақытты жылжыту кезінде Қазақстан азаматтарының шешім қабылдаға араласу құқығы бұзылды деп санайды.
Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшкен. 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті. Үкімет бұл шешім "өңірлер арасындағы уақыт кедергісі жойылып, көлік коммуникациясы жақсаруына, бизнес пен мемлекеттік органдар өзара шұғыл іс-қимыл жасасуына оң әсер етеді" деп түсіндірген.
Осылайша 1 наурызда Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытты.
Үкіметтің былтыр желтоқсанда талқыға шығарған жобасында сағаттың табиғи уақыт белдеуімен сәйкес келмеуі “бірқатар аурудың өршуіне апарып соғатыны” жазылған. Сондықтан уақытты артқа шегеру көптеген облыс халқына оң әсер ететіні айтылған.
Бірақ биыл мамырда бұл шешімге наразылар уақытты кері қайтару туралы петиция жариялады. Олар "жұмыс пен демалыс уақытының сәйкеспеуінен жұмыс өнімділігі төмендеп, ұйқы дұрыс қанбайды" деп жазды.
Бірақ жоғарыда аталған облыстардың көбі табиғи белдеуіне жақындағанымен, Шығыс Қазақстан облысы алшақтай түседі. Облыс орталығы Өскеменнің тұрғындары бұл қолайсыз екенін айтқан.
Уақытты есептеу жүйесіне сәйкес, Қазақстан төрт белдеуде жатыр. Қабылданған UTC+5 белдеуі елдің батысындағы облыстарға да сәйкес келмейді.
ПІКІРЛЕР