Accessibility links

"Қазселденқорғау" мекемесінің бұрынғы басшысы Көкірекбаевты ақтау үкімінің күші жойылды


Кәрім Көкірекбаев (сол жақта) және сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 18 қыркүйек 2014 жыл.
Кәрім Көкірекбаев (сол жақта) және сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 18 қыркүйек 2014 жыл.

Алматы облыстық соты 25 шілдеде "Қазселденқорғау" мекемесінің бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевқа шыққан ақтау үкімінің күшін жойды. Ол сот залында қамауға алынды. Қылмыстық іс қайта сот қарауына – бірінші инстанцияға жіберілді. Істі жаңа сот құрамы қарайды. Бұл жөнінде Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Үкім күшінің жойылуына сот алқасына қойылатын сұрақтарды құрастыру кезінде кеткен қателіктер, айғақтарды бағалаудағы заңсыздықтар және үкімнің сипаттама және қарар бөлігінің сәйкес келмеуі себеп екені айтылды.

Биыл 7 маусымда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "жемқорлық ісі" бойынша үкім шығарған. Сот алқасы қатысқан процестің соңында "Қазселденқорғау" мекемесінің бұрынғы басшысы барлық эпизод бойынша ақталып шыққан. Оның орынбасары мен Bazis Construction Infr компаниясы бөлімшесінің директоры пара алу және пара беру айыбы бойынша ұзақ мерзімге сотталған.

25 шілдеде Алматы облыстық соты прокурордың апелляциялық шағымын қанағаттандырып, сот үкімінің күшін жойды. Істі сот қарауына жіберді.

2022 жылы желтоқсанда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, сол кезде "Қазселденқорғау" мекемесіне жетекшілік еткен Кәрім Көкірекбаевтың ұсталғанын хабарлаған. 2023 жылы мамырда агенттік іске тартылғандар кәсіпкерлерден «аяқталған жұмыстардың актісіне қол қойғаны үшін» ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінгенін айтқан. Мәселе Қорғас пен Ақсай өзендерін қорғайтын нысандар туралы болып отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі сел, қар көшкіні қаупінің алдын алу, ол жөнінде ескерту және зардаптарын жою, сел қаупінің дәрежесін бағалау жұмысымен айналысады.

67 жастағы Кәрім Көкірекбаев 2019-2022 жылдары "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесін басқарған. Оның алдында бір жарым жылдай Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болған.

Ол әр жылдары табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі орынбасары, "Air Kazakhstan Tour" компаниясы бас директоры, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бас инженері, басқарушы директоры, вице-президенті қызметтерін атқарды. 2013-2018 жылдары Жамбыл облысын басқарған.

XS
SM
MD
LG