Accessibility links

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында зардап шеккен бір жұмысшы қайтыс болды. Бесеуінің жағдайы ауыр


22 шілде кешке Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытындағы төтенше оқиғадан соң ауруханаға түскен сегіз адамның бірі қайтыс болды. Компанияның баспасөз қызметі 20 шілдеде зауыттағы пештен кенет жалын шығып, сегіз жұмысшы зардап шекті деп хабарлаған. Марқұм – зауытта пеш бастығы болып істеген 30 жастағы Мұзафар Исмайлов. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жұмысшының денесінің 85 пайызы күйіп қалған деді.

Зардап шеккен жеті жұмысшы қазір ауруханада емделіп жатыр, олардың бесеуі жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер бес адамның жағдайы өте ауыр деді. Олардың денесін қатты күйіп қалған. Екі адам қарқынды терапия бөлімінде жатыр.

YDD Corporation компаниясы зардап шеккен жұмысшыларға Ресейден арнайы дәрігерлер шақырғанын, Түркия мен Израиль мамандарымен байланысқанын хабарлаған. Компания "зардап шеккен жұмысшылардың несиелерін төлейтінін" айтты.

Төтенше оқиғадан кейін әлеуметтік желіде зардап шеккен жұмысшыларды ауруханаға жедел жәрдем көлігімен емес, кәсіпорындағы көлікпен апара жатқаны көрінетін видео тарады. Компания бұған байланысты "зауыт алыста орналасқан, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету үшін оларды зауыттың кезекші көлігімен ауруханаға апарды" деді.

YDD Corporation компаниясы пештен жалын "кездейсоқ" лықсып шыққанын айтып, оқиғаны "әдеттен тыс жағдай" деп атады.

Қарағанды облыстық полиция департаменті "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Еңбек инспекциясы басқармасы оқиғаның себебі мен жай-жапсарын анықтайтын комиссия құрылды деп хабарлады.

  • YDD Corporation — ыстыққа төзімді болат өндіруде қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндіретін зауыт. Компания мәліметінше, онда шамамен 900 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт балқыту пеші бар. Компания осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған.
  • Зауыт құрылтайшылары арасында Ерлан Нығматулин (бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің бауыры), Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз ("Қазақстан коммуналдық жүйелері", Ordabasy Group және өзге кәсіпорынның иесі, кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы) бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG