21 шілдеге қараған түні Ресей күштері Украинаға үш "Искандер-М" баллистикалық зымыранын, екі басқарылатын авиациялық зымыранды және 39 "Шахед" дронын қолданып шабуыл жасады. Бұл жөнінде Украина қарулы күштерінің қолбасшысы Николай Олещук хабарлады.
Оның айтуынша, 35 дронды әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері жойған, басқарылатын әуе зымырандары қарсы амалдар қолданылып, олар мақсатына жете алмаған. Олещук қалған дрондар мен зымырандарға не болғанын нақтыламады.
Олещук Сумы, Полтава, Киев, Чернигов, Херсон, Днепропетровск, Донецк, Николаев, Одесса және Черкасск облыстарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жұмыс істегенін айтты.
Украинаның әуе күштері Харьков, Полтава, Сумы, Чернигов, Киев облыстарына шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Ресей әскері төрт "Искандер" жедел тактикалық ракетасымен соққы жасаған. Одан бөлек, Украина жағына 17 дрон жөнелткен. 13-і атып түсірілген.
Киев әкімшілігінің басшысы Сергей Попко түнде қалаға қарай бірнеше дрон ұшқанын айтты. Оның сөзінше, әуе қорғанысы күштері қалаға таяп қалған бірнеше дронды жойған. Ешкім зардап шекпеген.
Сумы облысында, жергілікті әскери әкімшіліктің хабарлауынша, 21 шілде күні таңертең Ресей әскері Шосткин ауданындағы маңызды инфрақұрылым нысандарына шабуылдаған.
Ресей қорғаныс министрлігі бұл шабуылдар жөнінде түсініктеме берген жоқ.
ПІКІРЛЕР