Accessibility links

Украинада тұтқынға түскен қырғыз азаматы Ресейге қайтарылды


Әлішер Тұрсынов
Әлішер Тұрсынов

Украинада тұтқынға түскен Қырғызстан азаматы Әлішер Тұрсынов Ресейге қайтарылған. Бұл жөнінде "Украина – Центральная Азия" телеграм-арнасы "Хочу жить" үйлестіру кеңесіне сүйене отырып хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Тұрсынов Ресейге 17 шілдеде оралған. Бұл күні Ресей мен Украина "95-ке 95" форматында тұтқын алмасқан. Орыс әскерін іздеу және үйіне қайтарумен айналысатын "Наш выход" қоғамдық қозғалысы жариялаған тұтқыннан босатылған орыс әскерінің тізімінде Әлішер Тұрсынов бар.

Украинада тұтқынға түскен 57 жастағы Тұрсыновтың видеосы биыл мамырда әлеуметтік желіде жарияланған. Онда ол Қырғызстан азаматы екенін, Ошта туып-өскенін айтқан.

Тұрсынов Рязань қаласында тұратын ұлына барғанда полиция қызметкерлері өзін ұстап әкеткенін айтқан. Өзінің сөзінше, оны сол жақта әскери келісімге қол қоюға мәжбүрлеп, ақша, паспорт, әскери билет беруге уәде берген. Ол көзі жақсы көрмейтіндіктен келісімде не жазылғанын оқи алмағанын айтқан. Қағазға қол қойғаннан кейін оны жаттығу алаңына алып кеткен. Тұрсынов соғысқа өз қалауымен бармағанын айтып, қырғыз билігінен көмек сұраған.

Қырғызстанда өзге елдегі соғысқа қатысқан азаматтарына қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Әлішер Тұрсынов Украинада Ресей жағында соғысқан алғашқы қырғыз азаматы емес. Бұған дейін Қырғызстанда Асқар Құбанышбекұлы есімді ер адамды да Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін түрмеге кескен. Алайда ол пробациялық бақылауға шыққаннан кейін шекарадан заңсыз өтіп, Ресейге кетіп, сол жақта Ресей әскерімен жаңа келісімшартқа отырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG