Accessibility links

Украинаның "бейбітшілік саммитіне" АҚШ атынан вице-президент Харрис барады


АҚШ вице-президенті Камала Харрис.
АҚШ вице-президенті Камала Харрис.

15 маусымда Швейцарияның Люцерн кантонында басталғалы отырған Украинаның "бейбітшілік конференциясына" АҚШ атынан вице-президент Камала Харрис пен президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан қатыспақ. Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайты хабарлады.

Құжатта Харрис пен Салливан Украинаның тәуелсіздік пен аумақтық тұтастық үшін Ресей агрессиясына қарсы күресіне Америка қолдауын көрсетеді делінген. АҚШ президенті Джо Байден Швейцарияға бармайды.

Бұған дейін "бейбітшілік саммитін" ұйымдастырушылар шараға мемлекеттер мен халықаралық саяси және гуманитарлық ұйымдар атынан 160-тан астам делегацияны шақырғанын хабарлаған. Швейцария сыртқы істер министрлігі "80-нен астам мемлекет саммитке қатысатынын растады, олардың басым бөлігі – мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде" деген.

Қытай саммитке қатыспайтын болды, Украина президенті Владимир Зеленский Байденді де, Си Цзиньпинді де "бейбітшілік саммитіне" қатысуға шақырған еді. Бірақ Қытай сыртқы істер министрлігі саммит Пекин талаптарын орындамай жатыр деп мәлімдеді. Олардың арасында саммитте "барлық тарап тең қатысып, барлық ұсыныс адал талқылану" үшін Ресей де, Украина да шақырылсын деген талап та бар.

Мәскеуді саммитке шақырмаған. Араағайын елдер арқылы Ресей өкілдерін келесі кезеңге тартуды жоспарлап жатыр деген хабар бар. Ресей шақыру алған жағдайда да кездесуге қатыспайтынын мәлімдеді, Мәскеу Украинадан әскерін шығаруды талқылауға ниеті жоғын айтты. Зеленский бірнеше рет Ресей өзінің қытайлық одақтастарын пайдаланып, конференцияның шырқын бұзуға тырысады деп мәлімдеді.

  • Швейцариядағы саммитте әскери жоспарлардан бөлек, ядролық және азық-түлік қауіпсіздігі, әскери тұтқындарды босату және Киев тарапы Ресей заңсыз әкетті деп айтқан украин балаларын үйіне қайтару мәселесі талқыланбақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG