– Жоғарғы сот біз келтірген дәлелдерді ескеріп, оң шешім шығарар деп үміттенгенбіз. Алайда бұл инстанция да заңсыз шешім шығарып отыр. Тергеу Нұрсұлтан Исаевқа "құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұқты" деп (380-1-баптың 2-бөлігі) айып таққан. Бұл – өте ауыр айып. Біз бұл айыппен о бастан келіскен жоқпыз. Жоғарғы сотқа шағымданғанда қылмыстық істі қайта саралап, "билік өкіліне күш көрсету" бабына (ҚК 380-бап) ауыстыруды сұрадық. Өйткені Исаевтың полиция қызметкерлерінің өміріне қол сұғайын деген пиғылы болмаған, – дейді адвокат Сағал.
Ақтөбе қаласындағы №8 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Нұрсұлтан Исаев дүйсенбі күнгі сотқа қатысқан жоқ. Жоғарғы сот солай деп шешкен. Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында тұратын Исаевтар отбасы сотқа онлайн қосылды. Нұрсұлтан Исаевтың шешесі Лиза Исаева ұлының ісін Жоғарғы сот кассация алқасында қараудан бас тартқанын естіген кезде көз жасына ерік берді. Ал Исаевтың жұбайы Аида Хазеева ұстамды болуға тырысты.
– Осылай болатынын білгенбіз. Өйткені бұл – саяси астары бар іс. Мүлдем үміттенбедік дей алмаймын. Әлі де үмітіміз бар. Сондықтан адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдарға шағымданамыз. Күресті тоқтатпаймыз, – деді Аида Хазеева.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасынан кейін айып тағылған 18 адамға 2023 жылғы 1 ақпанда үкім шығарған. Судья Нұрлан Бақтығалиев Нұрсұлтан Исаевты "құқық қорғау органы өкіліне я әскери қызметкердің өміріне қол сұққаны" (380-1-баптың 2-бөлігі) және "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" (272-баптың 2-бөлігі) үшін айыпты деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Нұрсұлтан Исаев – Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін сот үкімімен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған азаматтардың бірі. Оған дейін Қызылорда соты Қазыбек Құдайбергеновті ұлттық ұлан қызметкерінің өліміне кінәлі деп танып, 17 жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Апелляция соты Құдайбергеновтің жазасын бірнеше айға қысқартқан.
2023 жылы қарашада Тараз қаласының тұрғыны Ербол Жұманов Қаңтар дүрбелеңі кезінде ҰҚК подполковнигін өлтірген, қару-жарақ ұрлаған және сақтаған деген айыппен сотталып, 16 жылға бостандығынан айырылды. Оның ағасы ҰҚК қызметкерінің өліміне бауырым кінәлі емес дейді.
Құдайбергенов, Жұманов, Исаев – үшеуі де айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.
Былтыр ақпанда Ақтөбе соты Исаевпен бірге айып тағылған 17 ақтөбеліктің біреуін төрт жылға бостандығынан айырып, екі адамды ақтады. Өзгелеріне шартты жаза кесті, кейбірінің тергеу абақтысы мен үйқамақта болған уақытын өтелген жаза мерзіміне есептеп, оларды босатты.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылғы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын 3,5 жылға шектеген.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі – Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде оның отбасына "Қазақстан халқына" қорынан 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.
Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы былтыр 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынаған. Бас прокуратура бұған келіспейтінін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР