Accessibility links

Ресейдің Батыс Қазақстанға көз тігуі мүмкін бе? Назарбаевтың отбасы қудалануы ықтимал ма?


Ресей президенті Владимир Путин әскери жаттығу кезінде бинокльмен төңіректі шолып отыр.
Ресей президенті Владимир Путин әскери жаттығу кезінде бинокльмен төңіректі шолып отыр.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресей Қазақстанның батыс аймақтарына көз тігуі мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар «Тұңғыш президент туралы» заңның күшін жою экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына қалай әсер ететінін талдады. Бұдан бөлек мәжіліс депутаттары «мемлекет бөлген қаржыны қайтармаған» Jusan Bank -ке неліктен жиі назар аудара бастағанын жазды.

"СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МӘСКЕУДІ АСА КӨП ҚЫЗЫҚТЫРМАУЫ МҮМКІН". АЛ БАТЫС ОБЛЫСТАР ШЕ?

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада Ресей мұнай өндіретін және Орталық Азияға апаратын ең қысқа жол саналатын Қазақстанның батыс аймақтарына көз тігуі мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеді.

Жақында «Ресей мен Қазақстан арасында соғыс болуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берген Украина журналисі Дмитрий Гордон Ресей Украинаны жаулап алған болса, Қазақстанға да басып кірер еді деп қайырған. Гордонның пайымдауынша, Ресей президенті бүкіл Совет Одағын қалпына келтіре алмаса да, ең болмаса бір бөлігін – Беларусь, Қазақстан мен Украинаны Ресейге қосып алуды көздейді. Осы себепті Гордонның ойынша, Украина Ресейді қазіргідей тежемесе, Мәскеу басқа посткеңестік елдерге қарай ойысар еді.

«Бірақ бұл Еуропада соңғы жүз жылдан астам уақыттағы үшінші соғыс жақын болашақта Қазақстанға тікелей әсер етпейтінін білдіре ме?.. Бұл сұраққа қазір ешкім нақты жауап бере алмайды, тек болжам жасауға болады», − дейді Тәжуітов.

Автордың талдауынша, «Ресей Солтүстік Қазақстанға басып кіреді» деген болжам көңілге қонбайды. Себебі Солтүстік Қазақстан Мәскеуді аса көп қызықтырмауы мүмкін. Әрі аймақ республикалық бюджетке тәуелді, өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан оны қосып алған жағдайда Ресейде бюджет қаржысына тәуелді әрі этникалық орыстары қартайып жатқан аймақтар көбейе түседі.

Бірақ сөйте тұра Мәскеу ахуалды бетімен жібергісі келмейді, дейді Тәжуітов. Ресей Қазақстандағы ахуалдың күрт өзгеруінен қорқады және оған жол бермес үшін қолынан келгенін істейді. Автор бұған мысал ретінде Украинадағы соғысқа дейін Ukraina.ru сайтына шыққан «Украина – Қазақстан емес, сондықтан Ресей [Қазақстан] үшін күреседі» деген мақаладағы ТМД институтының Орталық Азия және Қазақстан бөлімінің басшысы Андрей Грозиннің мына пікірін келтіреді: «Қазақстанды Ресей жаулары басқарса немесе ешкім басқармаса (соңғысы жағымсыз сценарийлердің бірі), онда ойланатын түгі жоқ. Мұндай жағдай бола қалса, оңтүстікке [Орталық Азияның басқа төрт еліне] апаратын логистика тораптарын бақылауға алу үшін [көрші елге] бітімгершілік күштерін емес, әскери контингтентті жіберу керек болады».

Тәжуітов Ресейден Орталық Азияның өзге төрт еліне апарар ең қысқа жол Атырау мен Маңғыстау облыстары арқылы өтетініне назар аударады. Бұл − ел бюджетіне ақша құятын облыстар. Осы аймақтар мен Батыс Қазақстан облысында аса маңызды логистика тораптары орналасқан. Осы үш облыс Батыс инвесторлары (Chevron, Eni, BG Group, BP/Statoil, Mobil, Royal Dutch Shell және TotalEnergies) мен Еуропа елдері үшін маңызды.

Қазақстанда мұнайдың негізгі бөлігін «Теңізшевройл» (тәулігіне 700 мың баррель), NCOC (тәулігіне 400 мың баррель), Karachaganak Petroleum Operating (тәулігіне 226 мың баррель) өндіреді. АҚШ және Еуропаның мұнай компаниялары басқаратын Каспий теңізіндегі Теңіз, Қарашығанақ пен Қашаған мұнай кен орындары Қазақстандағы бүкіл мұнайдың 80 пайызын өндіреді деген сөз. Сондықтан қазақ мұнайының 70 пайызы Еуроодаққа экспортталады.

Қазақстанның батысындағы Қашаған кенішіндегі инфрақұрылым.
Қазақстанның батысындағы Қашаған кенішіндегі инфрақұрылым.

Осы күнге дейін Мәскеу Батыс пен Қазақстанның бұл әріптестігіне аса көңіл бөлмеген, себебі Украинада соғыс басталғанға дейін Ресейдің өзі де Батысқа көп көлемде мұнай мен газ экспорттайтын. Былтыр қазақ мұнайының 90 пайыздан астамы Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы және Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы экспортталды. Соғыс басталған соң Батыс елдері Ресейдің мұнай-газ секторына санкция салды. Автордың бағамдауынша, Путин Украинадағы соғысты Батыспен күрес деп көрсететінін ескерсек, Ресей Қазақстан мұнайын Еуроодаққа жеткізетін құбыр операторының рөлін ғана атқарумен шектелуі екіталай.

«Қазіргі ахуалды ескерсек, Мәскеу Батыс Қазақстанда «ойға кіріп шықпайтын» «әлдебір нәрсенің» пайда болуына септесуі мүмкін. Елде ондай ахуал орнаса, Ресей қалай әрекет етуі мүмкін екені жоғарыда айтылды. Ондай жағдай бола қалса, Кремль тағы да құтқарушы кейпіне еніп, Батыс Қазақстанның мұнай өнеркәсібі мен Украинадағы соғыс бойынша Путинмен ымыраға келуге мәжбүр болар еді», − деп қайырады Тәжуітов.

"ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ" ЗАҢНЫҢ КҮШІН ЖОЮ ЖӘНЕ "ОТБАСЫНА ЖАСАЛАТЫН ЕҢ ҮЛКЕН СОҚҚЫ"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қазақстанда «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заңның күші жойылғанын жазды.

11 қаңтар күні Конституциялық сот бір топ депутаттың өтінішін қарап, Тұңғыш президент туралы заңның күшін жойды. Ал қаңтардың 13-і күні парламенттің бірлескен отырысында депутаттар «“Бірінші президент – Елбасы туралы” конституциялық заңның күшін жойылғанын мойындау» туралы заң жобасын бірауыздан қолдап дауыс берді.

Мақала авторы Кэтрин Путц өткен айда осы тақырыпты көтерген Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбеллоның мақаласына қайырылады. Сорбеллоның жазуынша, Конституцияға сәйкес экс-президент қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитетін сақтап қалса да, «Тұңғыш президент туралы» заңның күшін жою «Назарбаев отбасын қудалаудан қорғайтын иммунитет пен бірінші президентке қорына бюджеттен бөлінетін қаржыға әсер етеді». Конституциялық заң бірінші президенттің үй-жайы, көлігі, мұражай, жеке мұрағат, кітапхана мен емделу шығындарын да қамтитын.

«Былайша айтқанда, Назарбаевтың қазір Қазақстанның басқа президенттерінен ешқандай артықшылығы жоқ», − дейді Путц.

Автор Қаңтар оқиғасынан кейін билік «мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болғанын» мәлімдеп, Назарбаевтың атын атамаса да, сол бағытты нұсқағанын келтіреді. Қаңтар үшін Назарбаевтың жақын одақтасы, ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке айып тағылды. Назарбаевтың жақын төңірегіндегі басқалар тікелей немесе жанама түрде жазаланды. Мысалы, Назарбаевтың күйеубалалары қызметен алынды, ал қыздары саяси өмірден алшақтады.

Автор «Тұңғыш президент туралы заңның күшін жою Назарбаев отбасын қылмыстық қудалаудан қорғайтын қалқаннан айырып, ықтимал қудалауға жол ашуы мүмкін» екеніне назар аударады. Астананың Назарбаев отбасына қандай да бір айып тағатыны-тақпайтыны белгісіз. Кэтрин Путц осы жерде «заңның күшін жоюға байланысты отбасына жасалатын ең үлкен соққы бюджеттің қысқаруы болуы мүмкін» деген Сорбеллоның болжамын келтіреді.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ НЕЛІКТЕН JUSAN BANK-КЕ НАЗАР АУДАРА БАСТАДЫ?

Eurasianet басылымы осы аптада премьер-министр Әлихан Смайылов мәжіліс депутаттарының «үкіметтегі шенеуніктер мемлекеттен ірі көлемде көмек алған банкпен сөз байласқан болуы мүмкін» деген долбарын жоққа шығарғанын жазды. Смайылов журналистерге берген сұхбатында үкімет Jusan Bank-ке құлдыраудан аман алып қалу үшін ақша құйғанын айтты.

2017 жылы несиелендіру нарығындағы дағдарыстан кейін үкімет құлдыраудың алдында тұрған банктерге 9 миллиард доллар бөлген. Сол тұстағы президент Назарбаев банктерді бұдан былай құтқаруға ақша бөлінбейтінін айтып, бұған дейін берілген ақшаны банктер тиімсіз жұмсағанын жеткізді.

Мақала авторы Алматыда тұратын Джоанна Лиллис мәжіліс депутаттары банктерге бөлінген қаржы жымқырылуы мүмкін бе деген мәселені көтере бастағанын жазады. «Былтырғы жылдың аяғында «Жаңа Қазақстан» тобының депутаттары үкімет, ұлттық банк пен Jusan bank басшылығы мемлекет бөлген қаржыны қолды ету үшін сөз байласқан болуы мүмкін деген күдігін жеткізді». Депутаттар бас прокурор мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысынан бұл мәселені тергеуді сұрады.

Премьер-министр үкімет Jusan мен өзгелерді мемлекет ақшасын қайтаруға мәжбүрлейтінін жеткізді. Jusan bank болса, кезінде Jusan сатып алмай тұрып мемлекет көмек көрсеткен Цесна Банк пен АТФ банктің қарызын үкіметке қайтаратынын мәлімдеді.

Қараша айында парламент банктерге мемлекет ақшасын қайтармайынша, акционерлерге дивиденд төлеуге тыйым салатын заң қабылдаған.

Мәжіліс депутаты Қанат Нұров қараша айында Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында бұл заң қабылданбай тұрғанда Jusan Bank 2019 және 2020 жылдары табысқа мемлекет бөлген қаржы арқасында қол жеткізгенін, соған қарамастан банк акционерлерге сол кезеңде 227 миллиард теңге төлегенін жазды.

Джоанна Лиллис жақында қабылданған заң банкті түпкі иесін жария етуге міндеттейтінін келтіреді. «2019 жылдың ақпанындағы мәлімет бойынша, Jusan Bank-тің 80 пайызы Назарбаевтың атымен аталатын қорлар басқарады делінген First Heartland Securities-ке тиесілі болған. Қалған 20 пайыз акция «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының экс-төрағасы Ахметжан Есімовтің бұрынғы күйеубаласы Ғалымжан Есеновке тиесілі болды. Одан бері меншік құрылымы өзгерген болуы мүмкін, бірақ қалай өзгергені белгісіз», − дейді автор.

Ал Jusan Bank экс-президентке қандай да қатысы барын жоққа шығарды. Банк қазан айындағы мәлімдемеде Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің Jusan Bank пен оның еншілес ұйымдары немесе бас компанияға [Jusan Technology Limited] қатысы жоғын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG