Accessibility links

"Жеке басқа табынудың заманауи формасы". Компартия съезінен соң Си Цзиньпин билікте қала ма?


Қытай төрағасы Си Цзиньпин. 1 шілде 2022 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин. 1 шілде 2022 жыл.

2022 жылы күзде Қытайда коммунистік партияның 20-съезі өтеді. Бұл съезде Коммунистік партияның бас хатшысы және Қытай төрағасы қызметін қатар атқарып жүрген Си Цзиньпиннің өкілетін ұзарту мәселесі шешіледі. Си Цзиньпин он жылға созылған билігі тұсында Конституцияны қайта жазып, "бас хатшы екі мерзімнен артық билікте отыра алмайды" деген шектеуді алып тастады. Алдағы съезде Цзиньпиннің позициясын не әлсіретуі мүмкін? Қытай басшысын коронавирусқа қарсы даулы саясаты мен Тайвань дағдарысы аяқтан шалмай ма? Сибирь.Реалии сайты бұл туралы Қытайда тұратын азаматтармен және сарапшылармен сөйлесіп көрді.

"АДАМДАР ӨКІРІП ЖЫЛАҒЫСЫ КЕЛДІ"

Светлана Романцева бес жыл бұрын Новосибирск қаласынан Шанхайға қоныс аударып, ең ірі жарнама агенттіктерінің біріне жұмысқа орналасқан. Ол қытайлықтардың көбі көктемде болған соңғы карантин кезінде биліктің әрекетіне наразы болғанын (билік COVID-19 вирусының өршуін тоқтату үшін екі ай бойы халықты үйлеріне қамап қойған) айтады.

– Адамдар ауыз су мен азық-түліксіз қалған кездер болды. Бір кезде бәрі өкіріп жылағысы келді. Қарапайым заттардың өзін сатып алу қиын болды. Онлайн дүкендердің жеткізу қызметі тапсырыс қабылдап үлгермеді, ал билік берген азық-түлік көлемі тез таусылып қалды. Жұрттың бәріне бірдей азық-түлік жеткен жоқ. Адамдар аулаға шығып, терезеден айқайлап, наразылық білдірді. Бірақ Шанхай тұрғындарының ашуы партия басшылығына немесе Си Цзиньпинге бағытталды деп ойламаймын. Қарапайым қытайлар халықты жаппай қамап қою саясатын партия төрағасымен байланыстырмайтын сияқты. Неге екені мүлде басқа мәселе. Олай ойлауға қорқатын шығар. Жергілікті билік өкілдері жазалғаны анық. Шанхай әкімін отставкаға жіберуі мүмкін дегенді де оқыдым. Өз басым Қытайда биліктің ауысқанын қалайтын адамды білмейді екенмін. Олар үшін партия төрағасы – көшедегі ауа-райы сияқты, қалай болса, сол күйінде қабылдау керек. Бірақ біз Қытай халқының шынайы ойын білмейміз. Мүмкін көбі жұрттың көзінше партия билігін ашық сынауға қорқатын шығар, – дейді Романцева.

Си Цзиньпин басқаратын Қытай билігі пандемия басталғалы қатаң күресуге көшкен. Әлем елдерімен салыстырғанда вирусты аз адам жұқтырса да Қытайдағы елдімекендердің өзі қатаң карантинге жабылып, тұрғындар жаппай ПТР тапсырған.

Темур Умаров.
Темур Умаров.

– Пандемияның алғашқы айларында Еуропа елдеріндегі тұрақсыздықпен салыстырғанда Қытайдағы күрес шарасы тиімді көрінгенімен, 2022 жылғы екі айлық карантинді көбі ақылға қонымсыз деп қабылдады. Бірақ Қытай "коронавирусқа төзбеушілік" саясатынан әлі де бас тартқан жоқ. Билік халқы көп елде вирусқа қарсы күресудің осыдан басқа тиімді жолы жоқ деп ойлайды. Пандемия басталғаннан кейін бірнеше айдан соң Си Цзиньпин басқа мемлекеттер пандемияға қарсы күрестен нәтиже шығара алмағанын байқады. Ол сәтсіздікке ұшыраған басшылардың жанында жеңімпаз болып көрінді. Ішкі және сыртқы аудиторияға вируспен күрестің қытайлық жүйесі тиімді екенін дәлелдеуге тырысты. Осының бәрі партия төрағасының беделін көтеріп тастады. Бірақ одан кейін көргеніміз, Шанхайдағы жағдай бәрі керісінше екенін растады. Бүкіл әлем коронавирусты қалыпты құбылыс ретінде қарап, онымен өмір сүруді үйренді. Ал Қытай әлі де қалаларды карантинге жауып, халықтың ашуын туғызып отыр, – дейді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров.

–Әлеуметтік желілерде карантинге наразы адамдардың жазбалары көбейіп жатыр. Бір қызығы, мемлекеттік цензура мұндай жазбаларды өшіруді қойған. Билік коронавируспен күрес саясаты тым қатты кетіп қалғанын түсініп, азаматтарға әлеуметтік желі арқылы ашу-ызасын шығарып, жергілікті билікті сыбап, ит-терісін басына қаптауға мүмкіндік беріп отырған сияқты, – дейді Умаров.

"БИЛІКТІ СЫНАҒАНЫҢ ҮШІН "ШАЙ ІШІП ҚАЙТАСЫҢ"

"Цзиньпин ресми пропаганданың көмегімен өзін Мао Цзэдун және Дэн Сяопинмен бір деңгейге шығарып алды" деп санайды 1990 жылдан бері Қытайда тұратын қытайтанушы Кирилл Лучкин.

Кирилл Лучкин
Кирилл Лучкин

– Жеке басқа табынушылық толықтай қалыптасып үлгерді. Бірақ бұл Мао Цзэдунға табынушылыққа ұқсамайды. Мысалы, Си Цзиньпинге ескерткіш қойылып жатқан жоқ, ешкім оның қанатты сөздері жазылған кітаптарды арқалап жүрмейді. Қазір жеке басқа табынушылықтың жұмсақ, заманауи формасы байқалады. Қытай басшыларының қай-қайсысы болсын, “Бәріміз партияның төңірегіне, төрағаның айналасына жиналайық” деген ұранмен өмір сүрген. Қытайды билеген адамдардың бәрін халық басына көтеріп, құрметтеген. Бірақ Си Цзиньпиннің бір ерекшелігі – оның өзіне дейінгі басшылардың бәрінен озық екенін дәлелдеуге талпынысы. Ол Қытай тарихында қалып, Мао Цзэдун мен Дэн Сяопинді жолда қалдырғысы келеді. Ол бұл ниетін ақпарат құралдарындағы пропаганда арқылы ашық білдіріп отыр: басылымдар Си Цзиньпиннің тұсында Қытай мықты мемлекетке айналды деп жазады. Тіпті "Мао Цзэдунның кезінде Қытай аяққа тұрды, Дэн Сяопиннің шағында байыды, ал Си Цзиньпиннің тұсында мықты мемлекетке айналды" деген ресми ұран да бар. Қытайлықтар Си Цзиньпинді жақсы көре ме? Пропаганда мен ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді бақылау деңгейінің жоғарылығы соншалық, қарапайым азаматтардың басқаша ойлауға мүмкіндігі жоқ. Әрине, қытайлардың арасында да Си Цзиньпинге сын көзбен қарайтындар бар, кей азаматтарды жеке танимын. Бірақ олар халықтың болмашы бөлігін ғана құрайды. Қытайлар ас бөлмесінде отырып, ең жақын достарымен ғана Си Цзиньпин туралы сөйлеспесе, басқа адамдармен ешқашан төрағаны талқыламайды. Қоғамдық кеңістікте бұл тыйым салынған, жабық тақырып саналады. Абайсызда саяси тақырыпта пікір айтып қойсаңыз, ең аз дегенде "шай ішіп қайтасыз". "Шай ішу" деген полицияға барып, тергеушімен әңгімелесіп қайту дегенді білдіреді. Бір азамат әлеуметтік желіде белсенді болып, қызу наразылық білдіре бастаса, оның парақшасын бұғаттап тастайды, – дейді Лучкин.

– Бұл – жаңа технологиялардың көмегімен құрылған жеке басқа табынушылық. Көшбасшыны жеке хабарламаларда да сынауға болмайды. Мысалы, Қытайдағы ең танымал мессенджер WeChat-та қандай мағынада болсын Си Цзиньпиннің стикерін жіберуге болмайды. Оларды сөйлесіп отырған адамыңызға жетпей тұрып, автоматты түрде өшіріп тастайды, – дейді Темур Умаров.

Си Цзиньпин өзін Дэн Сяопиннің кезінде туған құрылымдық мәселелерді шешіп жатқан көшбасшы ретінде көрсетіп жүр. Ол бүкіл әлемге Қытайды құрметтеуді үйреткен, яғни, халықаралық қауымдастықтың Қытайға қарсы әділетсіздігіне көз жұма қарауды қойған саясаткер ретінде көрінгісі келеді. Ақпарат құралдары Си Цзиньпинге осындай образ қалыптастырып, СССР кезіндегі марксизм, ленинизм дәрістері сияқты, жоғары оқу орындарында төрағаның идеялары оқытылады. Қазір Қытайда Си Цзиньпинді ашық сынау, оның идеяларына күмән келтіру мүмкін емес, – дейді Темур Умаров.

"ХАЛЫҚ САНЫ БОЙЫНША ҮНДІСТАН ҚЫТАЙДЫ БАСЫП ОЗАДЫ"

Си Цзиньпин билікте болған жылдары Қытайдағы маңызды мәселелердің бірі демография болды. Қытайдың көп провинциясында туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Биліктің есебінше, 2025 жылдан бастап халық саны азая түседі. Осыған байланысты үкімет 70-жылдардан бері келе жатқан тууды шектеу шараларынан бас тартты. Қытай "Бір отбасы – бір бала" саясатын тоқтатты, 2021 жылы қытайларға үшінші бала тууға рұқсат берілді.

– Қытайда жұмыс күшінің тапшылығы сезіле бастады. Қарттар көбейіп, еңбекке жарамды азаматтардың қатары сиреп жатыр. Иә, бұған туу көрсеткішін шектеу шарасы да әсер етті. Бірақ одан басқа да факторлар бар. Біріншіден, Қытайда урбанизация қарқыны артып, өмір сүру сапасы жақсарды. Қалада өмір сүру деңгейі жақсарған сайын, жастардың көбі бала тууға асықпайтын болды. Билік "Бір отбасы – бір бала" саясатынан бас тартса да, туу көрсеткіші артқан жоқ. Қалаларда "отырып қалған" қыздар санаты қалыптасқан. Олар әдемі, табысты әйелдер болғанымен, жар таба алмай немесе біреумен қарым-қатынас құрғысы келмей, жалғыз өмір сүреді. Ауылдарда әйелдер аз. Қытайда негізі ер адамдар көбірек. Бірақ сонда да қалада миллиондаған әйел жалғыз жүр. Бұл да урбанизацияға байланысты: ауылда тұратын қыздар жаппай қалаға көшіп, өмірлік серігін тауып алады. Ал қалада жүрген жалғызбасты қыздар лайық адам таба алмайды, – дейді Кирилл Лучкин.

Пекин көшесінде кетіп бара жатқан жұрт. 2022 жылдың мамыры.
Пекин көшесінде кетіп бара жатқан жұрт. 2022 жылдың мамыры.

2012 жылы Қытайдағы қала тұрғындарының саны бірінші рет ауыл халқынан асып түсті. 2015 жылғы реформаларға қарамастан, туу көрсеткіші төмендей берді. 2020 жылы туу коэффициенті мың адамға шаққанда 11,9 сәбиді құрады. Бұл 80-жылдардың соңындағы көрсеткіштен екі жарым есе төмен.

– 1990 жылы Қытайға көшіп келгенімде, халықтың 76% шаруа еді. Қазір ауыл мен қала тұрғындарының саны 50/50 болды. Бұл – тарихи шегініс. Алдағы уақытта халық саны бойынша Үндістан Қытайды басып озады. Қытайдағы шаралармен санадағы өзгерістер трендін тоқтата алмаймыз. Қазір көпбалалы болу керек деген ауыл дәстүрі ескіре бастады. Бұл тренд ондаған жылға жалғасады, терең өзгерістер болады. Қытай бұл мәселені қалай шешеді? Әзірге түсініксіз. Жұмыс күші жетпейтін кей өндіріс орындарында роботтарды қолдануға тырысып жатыр. Бірақ бұл барлық жерде бірдей нәтиже бермейді. Сондықтан жаңа өзгерістерге қарай бейімделуге тура келеді, – дейді Лучкин.

СИ ЦЗИНЬПИН ТАЙВАНЬҒА СОҒЫС АША МА?

Тамызда АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайвань астанасы Тайбэйге барды. 1997 жылдан бері америкалық шенеунік Қытай билігі қол астындағы территориясы көретін аралға екінші рет барып отыр. Тайвань керісінше, өзін Қытайдан тәуелсіз мемлекет санайды.

Қытай билігі Пелосидің Тайваньға келуін ауыр қабылдап, мұны АҚШ тарапынан жасалған провокация және "біртұтас Қытай" принципін бұзу деп бағалады. Қытай әскері әскери жаттығу бастап, Пекин Тайбэйге қарсы экономикалық санкция жариялады, табиғи құм экспортына және аралдан цитрустық жемістер мен екі түрлі балық өнімін сатып алуға тыйым салды.

– Пекинде шағын барда жаңалық қарап отырдым. Жүргізуші мен спикерлер "Олар бұл үшін жауап береді", "Қытай шара қолданады" дегендей болды. Адамдардың көбі қызу реакция білдірді. Бірақ олардың Қытайға осылай қарауға мүмкіндік берген билікке не АҚШ-тың әрекетіне ренжігені белгісіз. Бардағы бір адамнан не болғанын сұрап көрдім. Ол қолын бір сілтеп, кетіп қалды. Америкаға қарсы пропаганда жақсы жұмыс істеп жатыр, сондықтан қытайлар бұл дағдарыс кезінде басшысын қолдайды деп ойлаймын, – дейді Новокузнецк тумасы, екі жылдан бері Пекиндегі транспорттық компанияда жұмыс істейтін Виктор Савельев.

Темур Умаровтың пікірінше, Нэнси Пелосидің сапары Цзиньпиннің беделіне кері әсер ете қоймайды.

– Пелосидің сапарын жеңіліс деп атау қиын. Қытай бұл сапарға басқа қандай реакция білдіреді? Нэнси Пелоси отырған ұшақты жарып жіберуі керек пе? Онда Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді ғой. Қазір Тайваньда 1995-1996 жылдары болған үшінші дағдарыстан бері қайталанбаған жағдайға куә болып отырмыз: жаппай әскери жаттығу жүріп, өткір саяси мәлімдемелер жасалып, Тайваньға әскери ұшақтар жіберілді. Мұның бәрі қызу реакция туғызғанымен, қытайлар бұл әрекетті Пекиннің әлсіздігі деп қабылдамайды. Қытай пропагандасы АҚШ ережені бұзып жатыр, ал біз өзімізді жауапты ұлы держава сияқты ұстап отырмыз дегенге негізделген. Әскери операцияның басталуы екіталай. Өйткені бұл АҚШ-тың провокациясына жауап болып көрінеді. Ал Қытай сыртқы саясаттағы шешімдерін басқа мемлекеттің ықпалымен қабылдағысы келмейді. Онда Си батыстың провокациясына беріліп, соғыс бастаған Владимир Путинге ұқсап кетеді. Ал Қытай ешкімнің айтқанымен жүрмей, сыртқы саясатын өзі белгілейді, – дейді Умаров.

Пелоси Тайваньға сапарлаған соң Қытай әскери жаттығуын күшейтті. 5 тамыз 2022 жыл.
Пелоси Тайваньға сапарлаған соң Қытай әскери жаттығуын күшейтті. 5 тамыз 2022 жыл.

Кирилл Лучкин Пелосидің Тайваньға сапары мен Қытай билігінің реакциясы Си Цзиньпиннің партиядағы және ел ішіндегі беделіне әсер етті деп есептейді.

– Тайваньды Қытай экономикасына тартып, бәрін бейбіт жолмен шешкісі келген бұрынғы басшылармен салыстырғанда, Си Цзиньпин бұл мәселеде күш қолдану керегін ашық мәлімдеп келген. Қытайлардың көбі Пелоси оқиғасын Си мен партия басшылығы өз сөзіне жауап бере алмады деп қабылдады. Қытайларда бір комплекс бар, олар өздерін ұзақ жылдар бойы қорлық көріп келген халық санайды. Пропагандаға сәйкес, әлем Қытайды мойындамаған, бұл тек Си Цзиньпин билікке келгеннен кейін ғана өзгерген. Қытай мықты мемлекетке айналған, енді ол ешкімге өзін қорлауға жол бермейді. Қытайда жұрт Пелосидің Тайваньға баруға батылы жетсе, Қытай оған қатаң (тіпті әскери) жауап береді деп күтті. Бірақ ештеңе болған жоқ: Пелоси келіп-кетті, Қытай әскери жаттығу жариялады, жұрттың көңілі су сепкендей басылды. Патриот адамдардың өзі абдырап қалды. Оларға Тайваньда әскери операция жүргізу жай серуендеп қайту сияқты оңай шаруа болып көрінеді. Өйткені Қытайдың ақпарат құралдарында бұл операцияның соңы неге апарып соғуы мүмкін екені жөнінде дұрыс сараптама жоқ, – дейді Кирилл Лучкин.

Ал Темур Умаров алдағы съезде Си Цзиньпин қазіргі қызметін сақтап қалады деп сенеді.

– Дэн Сяопин ешқашан Қытайдың төрағасы болған емес. Ол Орталық әскери кеңес басшысы болған, яғни, әскерді басқарған. Си Цзиньпиннің кейінгі он жылда енгізген өзгерістері болмаса, қазір де партия төрағасының өкілеті бұрынғы қалпында қалар еді. Ол Конституцияны қайта жазып, үшінші мерзімге сайлану мүмкіндігіне ие болды. Си тұрақты комитеттен өзінің орнын баса алатын адамдарды алып тастады, әдетте съезде комитет ішінде төраға мен оның орынбасарын алмастыратын партияның екі жас мүшесін тұрақты комитетке алмай қойды. Осының бәрі оның іс жүзінде ғана емес, заң тұрғысында да Қытай төрағасы болып қалғысы келетінін көрсетеді. Ол әзірге билігін ешкіммен бөліскісі келмейді. Партия ішінен де өзіне мұрагер болатын адам көрмей отыр. Сондықтан Си билігін сақтап қалады дегенге еш күмәнданбаймын, - дейді ол.

Кирилл Лучкин Си Цзиньпиннің болашағы нақты емес, партия ішіндегі қарсыластары оның сәтсіздіктерін пайдаланып, төрағаны бірқатар лауазымынан айыруы мүмкін деп топшылайды.

– Белгісіздік басым сияқты. Си Цзиньпинді биліктен шеттетуге мүмкіндік бар, қарсыластары бұл ойын біртіндеп жүзеге асыруға тырысады. Бірден көзге түспейді. Си Цзиньпинді "бәрінің төрағасы" деп атайды, осы жолы төраға біраз құзыретінен айырылуы мүмкін. Қытайда партияның бас хатшысы қызметі мемлекеттік кеңестің төрағасы Сидің негізгі қарсыласы Ли Кэцянге өтуі мүмкін деген сыбыс бар. Қытай төрағасы болып Ван Цишан (2018 жылдан бері Қытай төрағасының орынбасары болып келеді. Ол – Си Цзиньпинді билікке алып келген саясаткер) сайлануы ғажап емес. Ал Си Цзиньпин Дэн Сяопин сияқты Орталық әскери кеңестің төрағасы болып қалуы мүмкін, - деп болжайды маман.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG