Accessibility links

"Әлем билеуші элитадан жеріпті". Нобель иегері Муратов лекциясында не айтты?


"Новая газетаның" бас редакторы Дмитрий Муратов Ослода Нобель сыйлығын оқып тұр. 10 желтоқсан 2021 жыл.
"Новая газетаның" бас редакторы Дмитрий Муратов Ослода Нобель сыйлығын оқып тұр. 10 желтоқсан 2021 жыл.

10 желтоқсанда Ослода Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Биыл бұл сыйлықты Ресейдегі "Новая газетаның" бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік журналист Мария Ресса алды. Оларға бұл сый "демократия мен бейбітшіліктің шарты саналатын сөз бостандығын қорғауға атсалысқаны үшін" берілді. Ослодағы марапаттау рәсімінде Муратов лекция оқыды. Сол лекцияның ең маңызды тұстарын ұсынамыз.

Жоғары мәртебелім! Нобель комитетінің құрметті мүшелері, қадірлі қонақтар!

8 қазан күні таңертең шешем қоңырау шалды. Қандай жаңалығым барын сұрады.

– Иә, міне, шеше, Нобель сыйлығын алдым, - дедім.

– Жақсы болыпты. Басқа не бар?

…Қазір, шеше, бәрін айтып берем.

***

Әлем демократиядан жеріді.

Әлемнің билеуші элитадан көңілі қалды.

Әлем диктатураға қол созды.

Адамның құқығы мен еркіндігін қорғамай, технология және зорлық-зомбылықпен дамуға болады дейтін иллюзия пайда болды.

Бостандығы жоқ даму.

Сиыры жоқ сүт...

Диктатура зорлық-зомбылыққа оңай жол салып алды.

Елімізде (бізде ғана емес) "қаннан қашатын саясаткерлер – әлсіз адамдар" дейтін ұғым орнығып алған.

Ал әлемді соғыспен қорқыту – нағыз отансүйгіштің міндеті.

Билік соғыс идеясын қарқынды түрде саудалап жатыр.

Мемлекеттік телеарналарда айтылып жатқан милитаристік риторикаға үкімет пен оған жақын пропагандистер жауапты.

Соғыс жөніндегі қарқынды маркетингтің әсерінен адамдар оған бой үйрете бастады.

Бірақ басқа теледидарлардан өзге халықты да көрдім. Адал әрі қорқынышты.

Шешен соғысы жылдары бір бекетте рельс үстінде бес тоңазытқыш вагон тұрды. Оны күні-түні күзетті. Бұл – қорғаныс министрлігіне қарасты 124-зертхананың мәйітханасы болатын.

Тоңазытқышта сарбаздар мен офицерлердің танылмаған мәйіті сақталды.

Дәл тиген оқ пен азаптан соң оларды тану мүмкін емес еді. Зертхананың бастығы, бірінші дәрежелі капитан Щербаков атаусыз сарбаз қалмау үшін барын салды. Жолдың жанындағы кішілеу үйде теледидар бар еді. Видеокамера ұстаған оператор экранға әрбір мәйітті шығарды. Бірінен соң бірін. 458 рет. Осынша сарбаз "Соғыс – Өлім" бағытымен келген соңғы пойыз вагондарының сөресінде 15 градус суықта жатты. Шешенстанның тауы мен тасынан көп ай бойы баласын іздеген аналар экраннан ұлының жүзін көргенде "Ол емес! Ол емес қой!" деп айқайлады.

Сол болатын.

Қазіргі идеологтар Отан үшін өмір сүруді емес, Отан үшін өлуді тықпалап отыр. Олардың теледидарына алданып қалуға жол бермейміз.

Гибрид соғыс әрекеті, "Боинг MH-17" ұшағының қайғылы, мәнсіз әрі қылмыс оқиғасы Ресей мен Украинаның қарым-қатынасын бүлдірді және келесі ұрпақ оны қалпына келтіре ала ма, жоқ па, білмеймін... Оған қоса, санасы ауру геосаясаткерлер Ресей мен Украинаның соғысуы мүмкін емес дегенді ойлауды қойды.

Білем, соғыс сарбаздарды (мәйітін) танып, тұтқын алмасумен аяқталады. Шешен соғысында "Новая газета" мен шолушымыз майор Измайлов тұтқыннан 174 адамды құтқарып алды. Қазір менің де тірі тұтқындарды үйлеріне қайтаруға көмегім тиер болса, айтыңыздар. Дайынмын.

***

Украина шығысындағы ахуалға Еуропа ортасында Беларусь президенті Лукашенконың көп қан ағызуы мүмкін ойыны келіп қосылды. Оның автомат ұстаған әскерилері Таяу Шығыстан келген босқындарды автомат ұстап, Еуроодақ шекарасын күзеткендерге қарай қуып жүр. Тараптар бірін-бірі айыптайды, ал есінен танған адамдар екі оттың ортасында ары-бері сандалып қалды.

Біз – журналиспіз, жұмысымыз түсінікті, факті мен өтіріктің ара-жігін ажырату. Профессионал-журналистердің жаңа толқыны көп дерекпен, ақпарат базасымен жұмыс істей алады. Сараптадық және кімнің борты босқындарды қақтығыс аймағына әкеп жатқанын анықтадық. Тек қана факт.

Биыл күзде Беларусь ұшақтары Тяу Шығыстан Минскіге қарай рейстерін төрт еседен аса жиілеткен. 2020 жылы тамыз-қараша айларында алты рейс, ал биыл осы айларда – 27 рейс. Бұзылуы мүмкін шекараға Беларусь компаниясы осы жылы 4,5 мың адам жеткізген, былтыр бар-жоғы 600 еді. Әуе компания Ирактан да осынша – 600 босқын әкелген.

Муратовқа Нобель сыйлығы табысталған сәт. Осло, 10 желтоқсан 2021 жыл.
Муратовқа Нобель сыйлығы табысталған сәт. Осло, 10 желтоқсан 2021 жыл.

Арандату мен қарулы қақтығыс осылай ұйымдастырылады. Мұның қалай құрылатынын анықтап, біз, журналистер, жұмысымызды істедік. Ары қарай – саясаткерлердің шаруасы.

Халық мемлекет үшін бе әлде мемлекет халық үшін бе? Бұл – қазіргі ең негізгі шайқас.

Мұны Сталин жаппай репрессиямен шешті.

Тергеуде және түрмедегі азаптау қазіргі Ресейде әлі бар. Қинайды, азаптайды, кездесуге тыйым салады, анасының туған күніне хабарласып құттықтауға мүмкіндік бермейді. Ауыр науқасқа шалдыққандарды, науқас баласы барларды сотқа дейін қамайды, дәлел болмаса да кінәні мойындауды талап етеді.

Жалған айыптарға құрылған қылмыстық істердің көбінің саяси сипатта. Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды Францияның ірі парфюмер компаниясының директорының арызынан соң лагерьде қамап отыр. Директор шағым жазған, бірақ сотқа келмеді, өзін жәбірленуші санамады. Ал Навальный қамалды. Парфюмер компания бұл істің "иісі" иіссуларына зияны тимес үшін өзін алыс ұстап отыр.

Түрмедегі азаптаулар туралы көп естиміз. Адамдарды сындыру үшін, ауыр жаза алу үшін қинайды. Бұл – жабайылық.

Азаптауға қарсы халықаралық трибунал құру бастамасын көтеремін. Осы арқылы азаптауға қатысы бар палачтар мен олардың қожайындарын анықтау керек.

Азаптау гуманизмге қарсы ауыр қылмыс деп танылуы керек.

Айтпақшы, "Новая газета" түрмеде отырғандар оқу үшін қағаз күйінде де шыға береді. Себебі түрмеде интернет жоқ.

…Әрине, бұл нағыз журналистер қауымдастығына берілген сыйлық екенін түсінемін.

Әріптестерім ақша ұрлау әдістерін, офшорларды ашып бюджетке жымқырылған миллиардтаған рубльді қайтарды, Сібір орманын жоюды тоқтатты.

Біз бұл сыйлықты науқас адамдарға көмекке және тәуелсіз журналистиканы қолдауға береміз.

***

Қазір Ресейдегі журналистика қиын уақытты бастан өткеріп жатыр. Кейінгі бірнеше айда жүзден аса журналист, медиа, құқық қорғаушы "шетел агенті" деп танылды. Оларды Ресей "халық жауы" деп санайды. Көптеген әріптестіміз жұмыссыз қалды, кейбірі елден кетуге мәжбүр болды.

Келер жылы "Философия пароходына" жүз жыл толады. [1922 жылы] 29 қыркүйекте Санкт-Петербургтен Германияға "философия пароходы" аттанған еді. Большевиктер Ресейден 300-дей интеллектуал элитаның өкілдерін қуып жіберді. Oberburgermaister Haken параходында тікұшақты ойлап тапқан Сикорский, телевидения құрастырған Зворыкин, философтар Франк, Ильин, Питирим Сорокин, ойшыл Николай Бердяев болды. Олардың барлығына пижама, екі көйлек, екі жұп шұлық, қысқы пальто алуға рұқсат берген. Отаны өзінің ұлы азаматтарына "заттарыңды қалдырыңдар да, миларыңды әкете беріңдер" деп қоштасқан еді.

Қазір осы жайт журналистер мен құқық қорғаушылардың басына түсті. "Философия пароходының" орнына "журналистер ұшағы" келді.

Орталық Африка республикасына Ресейдің жеке әскери науқанын зерттеуге барған ресейлік журналистер Орхан Джемал, Кирилл Радченко, Александр Расторгуевты атып тастады. Орханның жесірі Ира Гордиенко қазір "Новая газетада" жұмыс істейді. 2018 жылы осы қазадан кейін ол ресми тергеудің өтіріктерін дәлелдеп келеді. Орталық Африка республикасының билігі қайтыс болған журналистердің киімін жағып жіберген. Бұл – үлкен дәлел. Ал ресейлік тергеу де, халықаралық тергеу де ештеңеге қол жеткізе алмады. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш тергеуге көмектесетінін айтқан. Бірақ ол мұны ұмытып кеткен сияқты. Соны есіне салғым келеді.

…Менен "әріптестеріңіз ол жаққа неге барды?" деп сұрар.

Көз жеткізу үшін, дәлелдеу үшін, өз көзімен көру үшін барды. Белгілі әскери фотограф Роберт Капаның "суретің ұнамаса, демек жақыннан түсірмегенсің" деген сөзі бар.

Бұл – олардың миссиясы. Биліктегілер өткенді ұлықтауға тырысып жатса, журналистер болашақты жақсартқысы келеді.

***

… "Ит үреді, керуен көшеді" деген мақал бар. Биліктегілер де журналистика жайлы олар үре береді, бірақ ештеңеге әсер ете алмайды деп ойлайды.

Жақында бұл мақалдың мағынасы керісінше екенін білдім.

Иттер үрген де ғана керуен көшеді.

Таудағы, шөлдегі жыртқыштарға ұмтылады. Иттер керуенді ертіп жүргенде ғана іс алға жылжиды.

Иә, біз үреміз де, тістейміз де. Себебі бізде ауыз тіс бар.

Журналистер – тиранияға қарсы антидотпыз.

Барлығымыз журналистика жолында өмірін берген әріптестерімізді бір минут еске алайық, қуғынға ұшырағандарға қолдау білдірейік.

Журналистер қартайып, жасы келгенде ғана өмірден өткенін қалаймын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG