Accessibility links

Жерді шетелдіктерге бермесе, сексеуіл егу тоқтай ма? Депутат Айдос Сарымның сөзіне фактчек


Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Айдос Сарым

Айдос Сарым

Мәжіліс депутаты

Шетелдіктер дегеннен бұрын бізде Біріккен Ұлттар Ұйымының үлкен бағдарламалары бар. Құмдануға, құмсыздануға қарсы күрес деген сияқты. Үлкен мемлекеттік ұйымдар бар. Азия даму банкі дегендер бар. Солар Қазақстанға сексеуіл егеді, солар Қазақстанға жыңғыл егеді. Егер қазір мына заңмен шектейтін болсақ, осы бағдарламаның бәрін ысырып тастауға мәжбүр боламыз... Осы Аралдың, Балқаштың түбіндегі құмдану, құмсыздану дегенді айтып жатқан Қазақстан емес, сол үлкен ұйымдар... Сондықтан бұл мәселеден ешқандай жаулық іздеп қажет емес.

Манипуляция

12 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде парламент мәжілісіне "жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын" жолдағанын айтты. Бір айдан кейін, 14 сәуірде мәжіліс президент ұсынған дейтін заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады.

Бірақ заң жобасы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға беруді тыйғанымен, орман өсіру мақсатындағы жерді 25 жылға жалға беруді мүмкін етті.

Құқық тілімен түсіндірер болсақ, президент ұсынып отырған заң жобасы қолданыстағы Жер кодексіне өзгеріс енгізбек.

Өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заң жобасында "48-баптың 2-тармағындағы "ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өcipyдi, қосалқы ауыл шаруашылығын жургізу үшін" деген сөздер "орман өcipy үшін" деген сөздермен ауыстырылсын" деп жазылған.

Ал Жер кодексі 48-бабының (Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта алу) 2-тармағында былай деп жазылған:

"Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі".

Яғни, заң жобасы осы күйінде қабылданса, шетелдіктер Қазақстан жерін орман өсіру үшін жалға ала алады.

Бірақ билік о бастан бұл заң жобасын шетелдіктерге жер сатуды және жалға беруді тыятын акт ретінде сипаттап келеді.

24 сәуір күні Qazaq Times басылымы заң жобасын мақұлдаған мәжілістің депутаты Айдос Сарымға қоңырау шалып, осы мәселенің мән-жайын сұрады.

Депутат парламент қарауында жатқан заң жобасында "ешқандай шетелдік ауыл шаруашылық жерін жекеменшікке де, жалға да ала алмайды деген принцип бар, соның ішінде орманы да бар, басқасы да бар" деп жауап берген.

Тілші жобаның даулы бабы мен тармағын сөзбе-сөз оқып бергенде Айдос Сарым орман өсіру мақсатындағы жерді шетелдіктерге жалға беруді ақтауға көшті.

"Шетелдіктер дегеннен бұрын бізде Біріккен Ұлттар Ұйымының үлкен бағдарламалары бар. Құмдануға, құмсыздануға қарсы күрес деген сияқты. Үлкен мемлекеттік ұйымдар бар. Азия даму банкі дегендер бар. Солар Қазақстанға сексеуіл егеді, солар Қазақстанға жыңғыл егеді. Егер қазір мына заңмен шектейтін болсақ, осы бағдарламаның бәрін ысырып тастауға мәжбүр боламыз... Осы Аралдың, Балқаштың түбіндегі құмдану, құмсыздану дегенді айтып жатқан Қазақстан емес, сол үлкен ұйымдар... Сондықтан бұл мәселеден ешқандай жаулық іздеп қажет емес" деді Айдос Сарым.

АЙДОС САРЫМНЫҢ БҰЛ СӨЗІ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСА МА?

Құрғақшылыққа жақсы бейімделген сексеуіл ағашының құмдануға қарсы күресте пайдасы көп. Ашық деректерге қарағанда, бір түп сексеуіл төрт тонна құмды тоқтата алады.

Халықаралық ұйымдар мен бастамалар расымен құмданумен күрес мақсатында Қазақстан жеріне сексеуіл егуді қаржыландырады. Мәселен алдыңғы жылдары Оңтүстік Кореяның орман қызметі Арал теңізінің кеуіп кеткен бөліктеріне сексеуіл егу үшін 1,7 миллион доллар бөлген. Оның аясында 13,3 мың гектарға 5 миллион көшет отырғызылған.

Экобелсенді Сәкен Ділдахмет Қазақстандағы құмданумен күреске ақша бөлетін бірқатар халықаралық бастамаларды атап, ол үшін ешқандай жерді жалға беру шарт емесін айтады.

– Корейлер елден ешнәрсе сұрамайды. Екі ел меморандумға отырады да, сексеуіл егу жұмыстарын жүргізеді, зерттеуін жасайды. Негізі Корея елі (Оңтүстік Корея – ред.) Азияның өзге де елдерінде құмданумен күреседі, – дейді ол.

Қазақстанда сексеуіл егу жұмыстарына БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) да қолдау білдіреді. Мысалы, бағдарлама Қазақстандағы орман экожүйелерін дамытуға 2018-2023 жылдар үшін 8 миллион доллар бөлген. Оның ішінде сексеуіл ормандары да қамтылған.

Азаттық БҰҰДБ Қазақстандағы өкілдігіне сауал жолдап, экологиялық бастамаларға қаржының қандай шартпен бөлінетінін сұрады.

"БҰҰДБ жерлердің тозуына, шөлейттенуге қарсы күреске, ормандарды сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған бірқатар жобалық бастамаларды іске асырып жатыр. Бұл ретте жер учаскелері, оның ішінде мемлекеттік орман қоры аумағы ішіндегі жерлер жалға немесе ұзақ мерзімді пайдалануға бізге берілмейді" делінген өкілдік жауабында.

ЖАЛҒАН ДИЛЕММА?

Экобелсенді мен БҰҰДБ сөзінен шығатыны, халықаралық экологиялық бастамалар үшін жердің жалға берілуі шарт емес. Егер бұл рас болса, депутат Айдос Сарымның айтқаны манипуляцияға ұқсайды. Коммуникация саласында қандай да бір нәрсені жоқ нәрсеге қарсы қоюды немесе таңдаудың көбін қолмен алып тастап, екі экстремал нұсқаны ұсынуды жалған дилемма деп атайды.

Мұндай тәсілге көбіне саясаткерлер, ірі компаниялар және қоғам пікіріне әсер еткісі келетін тараптар жүгінеді. Саяси науқандарда да жалған дилемма ұсынғыштар көп болады.

Мысалы, билік тарапынан "ел тыныштығын ойласаң, шеруге шықпа", "сен оппозиционерсің, өйткені сен билікті сынайсың", "қауіпсіз қоғамда өмір сүргің келсе, полиция мен әскерді қаржыландыруды күшейт" деген сыңайдағы мәлімдемелер осы жалған дилемманың айқын үлгісі бола алады.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Қазақстан билігінің жалған таңдау әдісін жиі қолданатынын айтады.

– Былтыр "Нұр Отанның" праймеризі кезінде партия хатшысы Арман Қырықбаев не партия қатарына қосылып праймеризге қатыс та, жағдайды өзгерт, не диванда отырып алып сынай бер дегендей ой айтты. Бұл да жалған дилемма. Қазақстанда бір нәрсені өзгертемін десең, міндетті түрде "Нұр Отанмен" бірге болуың керек екен. Басқа балама нұсқаларды қалдырмай отыр, – дейді саясаттанушы.

29 сәуірде парламент сенаты жер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарып, даулы бапты қайта қарауды ұсынды.

Сенат депутаты Айгүл Қаппарова Facebook-те жоғарғы палатаның шешімін былай негіздеді:

"Мәжіліс депутаттары енгізген ұсыныс яғни, Жер кодексі бойынша заң жобасына енгізілген 48-баптың 2-тармағы сенатта қолдау таппады. Заң жобасынан ол норманы алып тастау туралы шешім қабылдадық. Сенат енгізген ұсыныстар шетелдік азаматтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, азаматтығы жоқ адамдарға орман өсіру мақсаттары үшін жер учаскелерін жалға беруге тыйым салуды көздейді".

"Неге оттай береміз?" Депутат Айдос Сарымның басы қалай дауға қалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:00 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG