Accessibility links

 
Байден қызметіне кірісе сала Трамптың бірқатар шешімдерінің күшін жойды

Байден қызметіне кірісе сала Трамптың бірқатар шешімдерінің күшін жойды


АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден.
АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден.

20 қаңтарда Вашингтондағы Капитолий сарайында ант беріп, президент қызметіне кіріскен Джо Байден салтанатты рәсімнен соң бұрынғы президент Дональд Трамптың бірқатар шешімдерінің күшін жойды.

Атап айтқанда, президент АҚШ-ты климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосып, АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүшелігін қалпына келтірді.

"Біз бұрын-соңды болмаған дәрежеде климаттың өзгерумен күресеміз" деді Байден. AFP агенттігі оның сөзінен үзінді келтірді.

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, Байден сонымен бірге мұсылмандар көп шоғырланған кейбір ел тұрғындарының АҚШ-қа кіруіне қойылған шектеуді жоятын бұйрыққа қол қойған. Капитолийдегі салтанатты шара аяқтала салысымен оның көмекшілері Байденнің АҚШ пен Мексика арасындағы дуал құрылысын тоқтататынын да хабарлаған.

Дональд Трамп 2017 жылы Париж келісімін "АҚШ экономикасы үшін қолайсыз келісім болды" деп атап, өз елін бұл келісімнен шығаратынын мәлімдеген. АҚШ ресми түрде бұл келісімнен 2020 жылы қараша айында шықты. Оның қайта қосылуы үшін бір ай уақыт керек болады.

Сенатор-республикашыл Тед Круз Байденнің Париж келісіміне оралу бастамасын сынап, "бұл шешім Американы әлемде көшбасшы етпейді, климат мәселесін де шешпейді, соның салдарынан мыңдаған америкалық жұмысынан айырылады" деп мәлімдеді. Ал сенатор-республикашыл Кевин Крамер Байден шешімін "ақылға қонымды қадам" деп атап, тек жаңа әкімшілік Американың ұлттық мүддесін ұмытпай, америкалық салық төлеушілердің ақшасының ысырап болуына жол бермеуі тиіс деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG