Accessibility links

Джо Байден АҚШ президенті болып сайлануға жеткілікті дауыс жинады


Джо Байден.
Джо Байден.

АҚШ-тағы президент сайлауында басты штаттардың бірі – Пенсильванияда дауыс санау аяқталды. Онда Демократиялық партия атынан сайлауға түскен Джо Байден жеңіске жетіп, сайлаушылар алқасының шешуші 20 дауысын иеленді.

Аризона, Невада, Джорджия және Солтүстік Каролина штаттарында дауыс санау әлі жүріп жатыр. Ақпарат құралдары 11 дауысы бар Аризонада да Байден жеңді деп хабарлап жатыр.

Мұның алдында Демократиялық партия атынан президенттіктен үміткер Байден Джорджия мен Пенсильванияда алға шыққанын хабарлаған. Оған дейін бұл штаттарда Республикалық партия атынан үміткер, қазіргі президент Дональд Трамп алда келе жатқан еді.

Президент болып сайлану үшін кандидатқа сайлаушылар алқасының 270 дауысын алу жеткілікті. Байден 273 дауыс жинады. Пенсильванияның нәтижесі шыққанға дейін Байденде – 253, Трампта – 214 дауыс болған.

Осы штаттағы дауыс санау қорытындысының негізінде AP, CNN, ABC және Американың басқа да ақпарат құралдары Джо Байден Ақ үй үшін додада жеңіске жетті деп хабарлады.

Байден Twitter-де сайлаушыларына алғыс білдіріп, барлық америкалықтардың президенті болуға уәде берді.

Байденнің президент сайлауындағы қарсыласы, АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жеңілгенін әлі мойындаған жоқ. Мұның алдында ол Twitter-де жеңіске жеткенін мәлімдеген еді.

Трамптың заңгерлері дауыс айырмашылығы мардымсыз болған Пенсильвания, Мичиган, Джорджия сияқты штаттарда дауыстарды қайта санатқызуы ықтимал.

Сайлаушылар алқасы президентті желтоқсан айында ресми түрде сайлауы тиіс.

Президенттің мерзімі келер жылдың 20 қаңтарында басталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG