Accessibility links

"Түркіменнің Тихановскаясы": Біз енді ешкімнен қорықпаймыз


Түркіменстандық белсенді Дурсолтан Таганова
Түркіменстандық белсенді Дурсолтан Таганова

Түркіменстандық жұмысшы мигрант Дурсолтан Таганова бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде үкіметке қарсы мәлімдемелерді бөлісіп, өзі тұратын Түркиядағы түркімен оппозициясының митингілеріне қатыса бастаған соң саяси белсендіге айналды.

Түркіменстанның Лебап уәлаятының тумасы, 29 жастағы Дурсолтан Таганова Стамбулдағы Түркіменстан консулдығында наразылық акциясын өткізгеннен кейін ұсталып, үш айға жуық абақтыда отырып шыққан. Осыдан кейін ол шетелдегі түркімен оппозициясының белсенді өкіліне айналды.

Митингіде наразылар Ашғабадты коронавирус пандемиясымен жеткілікті күрес жүргізбей отыр деп айыптап, авторитар президент Гурбангулы Бердімұхамедовті отставкаға кетуге шақырған. Түркіменстан билігі елде коронавирус жұқтырғандар барын жоққа шығарады.

"19 шілдеде басқа да мигранттармен бірге наразылық акциясына қатысып, түркімен билігінен халықты мына індеттен қорғау шараларын жасауды талап еттік" деді Таганова 30 қазан күні Азаттықтың Түркімен қызметіне.

"Түркіменстан билігі адамдар [коронавирустан] өліп жатқанда елде коронавирус жоқ деп мәлімдеді. Одан менің бірнеше туысым мен танысым қайтыс болды. Халық індетпен өз бетінше күресуге мәжбүр" деді Таганова.

Түркімен белсендісі Дурсолтан Таганова: "Өзіміз талап етпесек, бізге ешкім бостандық әпермейді"
Түркімен белсендісі Дурсолтан Таганова: "Өзіміз талап етпесек, бізге ешкім бостандық әпермейді"

Бірнеше елде, оның ішінде АҚШ-тағы түркімен дипломатиялық өкілдіктері алдында осындай қарсылық акцияларын өткізген басқа көптеген түркімен эмигранты Таганованың пікіріне ашулы үн қосты. Наразылар Ашғабадтың "пандемия Түркіменстанға жеткен жоқ" дегені жалған дейді.

ҒАЙБАТТАУ НАУҚАНЫ

Түркімен билігінің реакциясына қарасақ, Таганова ресми Ашғабад қатты шошитын оппозициялық тұлғалардың біріне айналып отыр.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Лебапта Тагановаға жала жабу науқаны қатты жүріп жатыр. Белсендінің отбасына қысым жасалып, оларды Дурсолтанның іс-әрекеттерін жария түрде айыптауға мәжбүрлеген.

Жергілікті түркімен билігі өкілдері мен әйелдер ұйымдары Лебап тұрғындарына Таганованы "Түркіменстанда демонстрациялар ұйымдастырып, елдегі тұрақтылықты шайқалтқысы келетін сатқын" деп атап, ескерту жасаған.

Олар тіпті Таганованы беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановскаямен салыстырды. Тихановская 9 тамызда өткен президент сайлауында Беларусьті ұзақ жыл басқарып келе жатқан Александр Лукашенкоға қарсылас болды. Лукашенко сайлауда айқын басымдықпен жеңгенін мәлімдеген соң елде бұрын-соңды болмаған жаппай наразылық шерулері басталды. Лукашенконың билігіне қарсылық шерулері әлі жалғасып жатыр.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Лебап шенеуніктері тіпті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, "Таганова да елде жаппай наразылық шерулерін өткізгісі келеді" деп ескертіп жатыр.

Бірақ Таганова өзін Тихановскаямен салыстырмайтынын, себебі ол сияқты "қаһарман" емес, "жай ғана белсенді" екенін айтады.

"Мен қарапайым ғана азаматпын, бірақ егер біз

Еңсе көтеріп, еркіндігімізді қорғамасақ, мемлекетті өзіміз құрмасақ, бізге ешкім еркіндікті сыйға тартпайды

түсіндім" деді Таганова.

Түркімен саяси белсендісі де Тихановская сияқты елде еркін және әділетті сайлау жолымен жаңа демократиялық билік орнағанын қалайды. Ол "заңсыз президент" деп санайтын Бердімұхамедов қызметінен кетуі тиіс деп біледі.

"Оның биліктен кетуін заңды жолдармен талап етіп, сосын ашық әрі әділ сайлау арқылы жаңа басшыны сайлауымыз керек. Бізде басқа жол жоқ, себебі Түркіменстан азаматтары өте қиын жағдайда отыр... Біз өз құқықтарымызды талап етуге тиістіміз" дейді Таганова.

Түркіменстан Орталық Азиядағы энергетикалық ресурстарға бай ел болса да, халықтың көбі кедей тұрмыс кешіп отыр.

Мемлекет кірісінің көбін Бердімұхамедов пен саяси элитадағы оған жақын адамдар бақылауда ұстайтындықтан, ол қарапайым халыққа жетпейді.

Әлемде көмірсутегі бағасы күрт арзандаған соңғы жылдары Түркіменстанда жағдай нашарлай түсіп, 6 миллионға тарта халқы бар елде азық-түлік тапшылығы туындады, баға көтерілді.

Үкімет оппозициялық топтарды, тәуелсіз БАҚ пен сөз бостандығын басып-жаншып, азаматтарының жүріп-тұруын шектейді. Белсенділер, журналистер мен қарапайым азаматтар билікті сынағаны үшін түрмеге қамалды, не психиатриялық ауруханаларға жабылды.

Билік елде бірде-бір адам коронавирус жұқтырған жоқ деуден әлі де танбай келеді. Алайда, медицина саласындағы дереккөздер елде вирус көп таралғанын және "бақылаудан шығып кеткенін" айтады.

СТАМБҰЛДАҒЫ ШЕРУ ЖӘНЕ ТАГАНОВАНЫҢ ТАНЫМАЛ БОЛУЫ

Стамбұлдағы митингіде түсірілген суреттерде наразылар "Дәрігерлердің Covid диагнозын қоюына не себепті тыйым салынған? Түркіменстанның өз халқын ойламайтын президенті мен басшылығы дереу отставкаға кетуін талап етеміз" деген жазуы бар плакат ұстап тұр.

Стамбұлдағы Түркіменстан консулдығы алдындағы наразылық. 19 шілде, 2020
Стамбұлдағы Түркіменстан консулдығы алдындағы наразылық. 19 шілде, 2020

Басқалары Бердімұхамедовтің қымбат спорт көліктерінде отырғанын, велосипед тепкенін, шалқып өмір сүріп жатқанын көрсететін, ал халықтың пандемия кезінде азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығымен күресіп жатқанын көрсететін плакаттар ұстап шыққан.

Соңында митингіні түрік полициясы қуып таратқан. Таганова мен митингіге қатысқан ондаған адам карантин ережелерін бұзды деп қамауға алынған.

Бірнеше сағаттан кейін Түркия билігі Тагановадан басқа ұсталғандардың бәрін босатқан.

Таганова адвокатының сөзінше, түркімен консулдығының Түркия билігіне түсірген шағымында белсендінің есімі ерекше аталады. Консулдық Таганова мен өзге төрт адам түркімен дипломаттарының жұмысына килігіп, оларға зорлық көрсетпек болған.

Кейін Тагановаға тағылған айып алынып тасталды, бірақ белсендінің өзі "Селимпаша" депортация орталығына ауыстырылған.

"Түркіменстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық партиясының жетекшісі Мырат Курбанов сол кезде Түркия билігі Таганованы депортациялау туралы шешімді түркімен билігінің сұрауы бойынша шығарғанын айтты.

Азаттық бұл деректің анық-қанығын тәуелсіз дереккөздерден анықтай алмады. Бірақ әлемдегі ең репрессияшыл және жабық елдердің бірі – Түркіменстан билігі сыни ойлайтындарды елде де, шетелде де қудалайтынымен белгілі.

Таганова Азаттыққа түркімен дипломатиялық өкілдіктері шетелге шыққан азаматтардың төлқұжаттарын ұзартудан ұдайы бас тартатынын айтты. Шетелде тұратын түркімен азаматтары да белсендінің сөзін растайды. Олардың сөзінше, билік оларды елге қайтарғысы келеді.

"Біз, түркімен азаматтары, елде жұмыс таба алмағандықтан шетелге жұмыс істеуге кетеміз. Бірақ біз Түркіменстаннан жырақта да өзіміздің билік туындатқан проблемалардан зардап шегіп отырмыз" деді Таганова.

"Олар төлқұжаттарды жаңартпайды. Түркімен мигранты өзге елде қайтыс болса, мәйітін отанына жеткізуге көмектеспейді. Тіпті пандемия кезінде шетелде жұмыссыз қалғандарға көмектеспеді, елде немесе шетелде тұратын адамдарға жәрдемдеспеді. Осы себептен де [үкіметке қарсы] наразылыққа қосылуға бел байладым" дейді белсенді.

Біз елде жұмыс таба алмағандықтан шетелге жұмыс істеуге кетеміз. Бірақ Түркіменстаннан жырақта да билік туындатқан проблемалардан зардап шегеміз

Он бір құқық қорғау ұйымы Таганованы еліне қайтармауға шақырған соң, Түркия билігі оны 12 қазан күні босатты. Олар белсенді Түркіменстанға мәжбүрлі түрде қайтарылса, өз елінде негізсіз тұтқындалып, азапталуы мүмкін деп ескерткен.

ЖАҚЫНДАРЫН ҚУЛАДАУ

Кейін Таганова босқын мәртебесін алып, Түркияда бір жыл тұруға рұқсат алды. Бірақ оның туған қаласы Түркменабатта Таганованың отбасы Дурсолтанның белсенділігінің зардабын тартып отыр. Таганованы Стамбұлда босатқан күні Түркменабат полициясы оның інісі Бабажанды тергеуге шақырып, телефонын тәркілеген.

Түркіменстан билігі Бабажанға әпкесін "алаяқтық" айыбымен іздестіріп жатқанын және ел аумағына кірсе тұтқындалатынын айтқан.

Таганованың анасы Мерйемгүл Баймурадова отбасы маусымның ортасында түркімен билігінің қырына іліккенін айтады. Белсенді осы кезде әлеуметтік желіде билікті сынайтын жазбаларды бөлісе бастаған.

Баймурадова Адам құқықтары жөніндегі Түркімен Хельсинки қорына және "Мемориал" құқық қорғау тобына жергілікті билік өкілі қызының Түркиядағы өмірі және жұмысы туралы сұрап, сол елдегі телефон нөмірін беруді талап еткенін айтқан.

Шенеунік Таганованың белсенді әрекетінің Түркіменстандағы отбасына "салдары" болатынын ескерткен.

Екі құқық қорғау ұйымының мәліметінше, түркімен полициясы Таганованың әке-шешесі, бауыры, апайы мен нағашысын және белсендінің бұрынғы күйеуін тергеген. Бұған қоса, белсендіні "сатқын" деп айтқызып, бейнетаспаға түсіріп алған.

 Осы кезге дейін қорқып келдік, енді ешкімнен қорықпаймыз

Таганова Түркіменстанда отбасын билік өкілдері қудалап, қорқытқанынан хабардар екенін айтады.

"Әрине, бұл маған әсер етеді" дейді Таганова. Бірақ ол бұған байыппен қарайтынын және "Түркіменстанның демократиялық таңдауы" партиясының белсендісі ретінде еркіндік жолындағы күресін жалғастыра беретінін айтады.

"Осы кезге дейін қорқып келдік, енді ешкімнен қорықпаймыз" дейді Таганова.

Мақала ағылшын тілінен аударылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG