Азаттық радиосы
Құпия уды іздеу. Федералды тергеу бюросының құпия құжаттары

Құпия уды іздеу. Федералды тергеу бюросының құпия құжаттары

Карл Шрек, Майк Экель, Сергей Добрынин, Марк Крутов

Қыр. 29, 2020

АҚШ үкіметі ресейлік оппозициялық саясаткер Владимир Кара-Мурзаның "улануы" жайлы мыңнан астам беттен тұратын құжаттардың жариялануына тоқтау салғысы келеді. Кара-Мурза осы құжаттарға қол жеткізу үшін бірнеше жылдан бері күресіп жүр: бұған Ақ үйдің, америкалық барлау қызметі мен Конгрестің жоғары шенді шенеуніктерінің де қатысы бар.

Азаттықтың Орыс қызметі Федералды тергеу бюросы (FBI) мен АҚШ әділет министрлігінің басқа бір құжаттарының жүздеген парағын қолға түсірді. Олар Кара-Мурза өзін әдейі улағысы келген Ресей арнаулы қызметінің талпынысы деп санайтын екі оқиға бойынша Америкада тергеудің қалай жүргізілгенінен сыр шертеді.

Бұл материалдар FBI Кара-Мурзаның шынымен уланғанына дәлел іздеумен айналысқанын растайды. Олар АҚШ-тағы жаппай қырып-жою қаруын зерттеуге маманданған ең ірі зертхананың көмегіне жүгінген. Одан бөлек, құжаттар тергеуге FBI директоры Кристофер Рэйдің өзі де қатысқан болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Азаттықтың Орыс қызметінің қолындағы құжаттарда Кара-Мурзаны әдейі улаған деуге негіз болатын айқын дәлел жоқ. Саясаткер ондай дәлел АҚШ билігі кейінге ысырғысы келіп отырған құжаттарда болуы мүмкін деп топшылайды.

Кара-Мурза құжаттардың бірінші бөлігін биыл қыркүйектің орта шенінде, АҚШ федералды сотына арызданғаннан кейін ғана алған. Сотқа арызында өзінің 2015 және 2017 жылдары аяқ астынан ауыруының себептері жайлы америкалық күш құрылымдарының нені анықтағанын және олардың қандай реакция білдіргенін білуге құқылы екенін айтқан.

Бұл құжаттар әлемде Ресей арнаулы қызметі биліктің саяси қарсыластары мен "отанын сатқандарға" у мен әскери қаруға жататын улы заттарды қолданып қастандық жасаған болуы ықтимал деген күдік күшейген тұста ашылып отыр. Германия билігінің ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың "Новичок" тобына (СССР кезінде химиялық қару ретінде әзірленген жүйке жүйесін зақымдайтын токсиндер) жататын заттан уланғаны туралы мәлімдемесі әлгі күдікті одан сайын қоюлатты.

Кара-Мурза құжаттардың 400 беттен тұратын бірінші бөлігін алғаннан кейін АҚШ әділет министрлігі оның ісіне қатысы бар, 1100 беттен тұратын тағы да құжаттар тапқанын мәлімдеген. Олардың арасында "зертхана қорытындылары мен қан сараптамасы" бар деп хабарланды. Бірақ ведомство ресейлік оппозиционерге бұл құжаттарды сот шешімінде көрсетілген мерзім – 15 қазанға дейін бере алмайтынын айтқан.

Кара-Мурзаның адвокаты Стивен Рейдмэйкер Азаттықтың Орыс қызметіне 1100 беттен тұратын құжаттарды беруді кешеуілдетуге қарсылық білдіріп сотқа шағымданатынын айтты.

"Бізге берілген құжаттарда бұл іске Федералды тергеу бюросының директоры Рэйдің тікелей қатысы бары айтылғанын ескерсек, Владимирдің сараптама қорытындылары басқа құжаттардың арасында қалайша қалып қойғаны түсініксіз" дейді Рейдмэйкер.

Кара-Мурзаға құжаттарды беру мәселесі қалай шешіліп жатқаны жайлы сұраған Азаттықтың Орыс қызметіне АҚШ әділет министрлігі қолма-қол комментарий берген жоқ.

"АШУҒА ТИМЕҢДЕР!"

Кезінде СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) диссиденттер мен "отанын сатқандарға" қастандық жасау үшін у қолданғаны мәлім. Бірақ сондай іс-әрекетке қазір де барған болуы мүмкін деген болжам алғаш рет 2006 жылы Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы офицері Александр Литвиненко радиоактивті полоний-210 затымен уланып, Ұлыбритания ауруханасында көз жұмғаннан кейін айтыла бастаған.

2018 жылы наурызда СССР бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Ұлыбританияның Солсбери қаласында белгісіз заттан уланып, өлім аузынан қалды. Кейінірек әлгі заттың "Новичок" тобына жататын жүйке жүйесін зақымдайтын у екені анықталды. Ұлыбритания билігі Скрипальдерге жасалған қастандыққа Ресей әскери барлау қызметін айыптап, батыс елдері бірнеше ресейлік дипломатты өз аумағынан шығарып жіберді.

Британиялық тергеушілер Скрипаль уланған жерде жүр. Солсбери.

Ресей бұған дейін осы тәрізді оқиғалар болған кезде өзін қалай ұстаса, бұл жолы да дәл солай міз бақпай, Скрипальдерге жасалған қастандыққа қатысы жоғын айтып, өзіне тағылған айыптарды ресми түрде жоққа шығарды.

Владимир Кара-Мурза басынан өткен екі оқиғаны да саяси белсенділігі, оның ішінде "Магнитский актісін" қолдағаны үшін өзіне әдейі у беріп, "кек қайтару" мақсатында ұйымдастырылған деп есептейді. Магнитский актісі – 2012 жылы АҚШ-та қабылданған заң. Оған сәйкес, Вашингтон адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар деп тапқан ресейліктерге қарсы жеке санкциялар салған. Бұл заң Кремльдің шамына тиген.

Владимир Кара-Мурза деген кім?

Владимир Кара-Мурза - Ресейдегі либераль оппозицияның ардагері. Ол билікке Владимир Путин келгелі оппозиция жағында. Белгілі журналист Владимир Кара-Мурзаның (ол былтыр қайтыс болды) ұлы. Кіші Владимир Кара-Мурза бірнеше жыл телеарналардың Вашингтондағы тілшісі болды. Кейін Михаил Ходорковскийдің саяси жобасына қосылды. Кара-Мурза Борис Немцовтың досы болды. Владимир Кара-Мурза Ұлыбританияның және Ресейдің азаматы. Әйелі мен балалары Вашингтон маңында тұрады. Өзі Ресей мен АҚШ-та жиі болады.

2018 жылы қаңтарда Скрипальдер уланардан екі ай бұрын, Вашингтонда ерекше кездесу өткен. Ресейдің үш негізгі барлау мекемесінің басшылары америкалық әріптестерімен, оның ішінде сол кезде Орталық барлау басқармасын басқарған Майк Помпеомен кездескен.

Америкалық барлау бойынша сарапшылар бұл кездесуді ерекше, тіпті бұрын-соңды болмаған оқиға деп атаған.

Бұрын Ақ үйде шенеунік болған адамның айтуынша, бұл кездесулер Вашингтон мен Мәскеудің текетіресін тоқтату мақсатында ұйымдастырылған. Вашингтон мен Мәскеудің дүрдараздығы президент Барак Обаманың тұсында басталып, АҚШ-та 2016 жылы Дональд Трамптың жеңісімен аяқталған президент сайлауына Ресейдің килігуіне байланысты күшейіп кеткен еді.

Бұрынғы екі шенеуніктің сөзінше, Владимир Кара-Мурзаның жұмбақ сырқаты Ресей-АҚШ қарым-қатынасы үшін маңызды деп бағаланып, әлгі кездесулердің күн тәртібіне енгізілген.

Азаттықтың Орыс қызметінің қолына түскен құжаттардың арасында Вашингтонға келген әлдебір адамның 2018 жылдың 25 не 26 қаңтарында Федералды тергеу бюросының директоры Кристофер Рэймен кездесуге талпынғанын дәлелдейтін электронды хат бар. Дәл сол аптада ресейлік барлау қызметтері басшылары АҚШ астанасына сапармен барған еді.

Құжатта хат жазған адамның аты өңделген, бірақ хаттың "Кара-Мурза ісінің мәртебесі" деген тақырыбы сақталған. Ресейліктердің Вашингтонға сапарына бұл хаттың қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Ақ үйдің бұрынғы қызметкері Азаттықтың Орыс қызметіне Помпеоның ресейлік күш құрылымдары өкілдерімен кездесуінен толық стенограмма жазылмағанын, ресми тұлғаларға кездесудің хаттамасы жіберілмегенін айтты.

Помпеоны осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін Конгресс демократтары сынаған. Бірақ ол бұл кездесудің пайдалы екенін айтумен болған.

Майк Помпео

Ақ үйдің бұрынғы шенеунігінің сөзінше, АҚШ тарабы Ресейді арандатушы іс-әрекеттен бас тартуға мәжбүрлеу үшін Кара-Мурза ісі мен соған ұқсас тағы бірнеше оқиға туралы мәселе қозғаған.

"Егер байсалды ұстаныммен келіп отырған болсаңыздар, ашуымызға тиюді доғарыңыздар, аптықты басып, сабырға келіңіздер» деген құлаққағыс айтылды" дейді аты-жөнін атамауды өтінген бұрынғы америкалық шенеунік.

Бірақ екі айдан кейін Сергей Скрипаль "Новичоктан" уланып, өлім аузынан қалды.

"Олар біздің айтқанымызды мән беріп қабылдамаған сияқты" дейді Азаттықтың Орыс қызметіне бұрынғы шенеунік.

"Қаңтардағы кездесудің құнын көк тиын еткені бәрінің ашуына тиді. Көбі орыстар ары қарай да бұрынғы іс-әрекетінен таймайды, олар халықаралық реакцияны елемейді деген ой түйді" дейді ол.

АҚШ әділет министрлігі Азаттықтың Орыс қызметінің "Рэй Вашингтонға келген ресейлік күш құрылымдарының өкілдерімен кездесіп, олармен Кара-Мурза ісін талқылады ма?" деген сұрағына жауап берген жоқ. Ал АҚШ мемлекеттік департаменті Помпеоның ресейліктермен кездесуі туралы сұрақтарды Орталық барлау басқармасына жіберуді ұсынды. Бірақ басқарма 2018 жылғы қаңтарда өткен кездесу мен онда Кара-Мурза ісі талқыланды ма деген сұрақтарға жауап бермеді.

Мемлекеттік департаменттің жоғары шенді шенеунігі Азаттықтың Орыс қызметіне 2018 жылы қаңтарда өткен кездесуге ведомство қызметкерлерінің қатыспағанын, бірақ Ресей сыртқы істер министрлігі мен Вашингтондағы елшілігі Кара-Мурза ісіне қатысты мәселені "бірнеше рет және әртүрлі деңгейде" көтеріп келгенін айтты.

Ресейдің Вашингтондағы елшілігі Азаттықтың Орыс қызметінің сұрақтарына жауап бермеді.

КАРА-МУРЗАНЫҢ АРЫЗЫ

Владимир Кара-Мурза Ақпарат еркіндігі актісі (Freedom of Information Act, FOIA) аясында ресми өтініш бергеніне алты ай толғанда, 2020 жылдың ақпанында АҚШ әділет министрлігін сотқа берген. Ол арызында FBI қолындағы өз ісіне қатысы бар барлық құжатты беруді талап еткен. Кара-Мурза министрліктің осы құжаттарды өзіне беруден бас тартып, заңды бұзып отырғанын айтқан. 10 тамызда әділет министрлігі сотқа Кара-Мурзаның ісіне қатысты 400 беттен тұратын құжаттар табылғанын хабарлаған. Құжаттардың бірінші бөлігі 15 қыркүйекте берілген, қалғаны Кара-Мурзаға бір айдан кейін – 15 қазанда берілуі тиіс.

Өткен аптада 400 беттен тұратын құжаттардың көп бөлігі берілгеннен кейін АҚШ әділет министрлігі Кара-Мурзаның адвокаттарына FBI қызметкерлері іске қатысы бар тағы 1100 беттен тұратын құжаттарды тапқанын жеткізген. Министрлік табылған құжаттарды белгіленген мерзім – 15 қазанға дейін беріп үлгермейтінін, сондықтан соттан 15 қарашаға дейін уақыт беруді сұрайтынын мәлімдеген.

Кара-Мурзаның адвокаты Азаттықтың Орыс қызметіне министрліктің құжаттарды беру мерзімін ұзартуды сұраған өтінішін қанағаттандырмауға сотты көндіру үшін күресетінін айтты.

НАҚТЫ ҚОРЫТЫНДЫ ЖАСАЛМАҒАН

Әділет министрлігі Владимир Кара-Мурзаға берген және Азаттықтың Орыс қызметінің қолына түскен құжаттарда ресейлік оппозиционер "маған әдейі у берген" деп санайтын оқиғаларға қатысты нақты қорытынды жасалмаған.

Оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың үзеңгілес серігі Владимир Кара-Мурза Ресейде жұмыс істеген екі жылда екі рет қатты ауырып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Ол алғаш рет осыдан бес жыл бұрын жазда – 2015 жылы 27 ақпанда Немцов Кремльге жақын маңда қастандықпен өлтірілгеннен кейін үш айдан соң ауырған.

Сол жылы 26 мамырда Кара-Мурза Мәскеуде өткен іскерлік жиыннан кейін кенеттен қатты ауырып қалған. Бір аптадан кейін АҚШ Федералды тергеу бюросы ол уланған болуы мүмкін деген жорамал бойынша жан-жақты зерттеу жүргізуге кіріскен. АҚШ арнаулы қызметі ұсынған құжаттарға сәйкес, бірнеше аптадан кейін бір адам (FBI оның аты-жөнін айтпайды) мекемеге "Кара-Мурзадан алынған бірнеше биологиялық материал үлгісін" өткізген. Олардың арасында былғанған жеңі шолақ жейде, ішкиім, шаш қиындысы мен тырнақ қалдығы, арнайы құтыға құйылған, кейін "қан екені анықталған" зат болған.

Кара-Мурзаға берілген құжаттардың ішіндегі 2015 жылы 25 маусымда қызмет бабымен жазылған электронды хатта Кара-Мурзаның шынымен уланғанын анықтау үшін бұл материалдар Вирджиния штаты Куантико қаласындағы FBI зертханасына токсикологиялық зерттеуге жіберілгені айтылған. Хатта ведомствоға тапсырылған үлгілер көлемінің "аздығы" сараптама жүргізуді қиындатып, оның қорытындысы шектейді деп жазылған.

Бірақ Кара-Мурзаның арызынан кейін FBI оған берген құжаттардың бірінші бөлігінде 2015 жылы болған алғашқы оқиғадан соң Куантико зертханасында жасалған сараптама қорытындылары жоқ.

Владимир Кара-Мурзаның әйелі Евгенияның айтуынша, күйеуін емдеген дәрігерлер әуелгі кезде дертке науқастың сол уақытқа дейін депрессияға қарсы қабылдаған "Циталопрам" дәрісі себеп болуы мүмкін деп топшылаған. Ресми медициналық қорытындыда (FBI берген құжаттардың ішінде бұл қорытындының ағылшын тіліндегі аудармасы бар) "ауруханадан тыс жерде жабысқан екіжақты пневмония" және "белгісіз заттың улы әсері" деген диагноз қойылған. Кара-Мурзаның әйелі күйеуінде пневмония ауруханада жатқан кезде пайда болғанын және оны антибиотикпен емдегенін айтады.

Владимир Кара-Мурза екі жылдан кейін іш құрылысы ауырып, ауруханаға түскенде оған тағы да "белгісіз заттың улы әсері" деген ресми диагноз қойылған.

Бұл жолы Евгения Кара-Мурза не істеу керегін жақсы білді. Ол кейін тәуелсіз сараптама жасатуға керек болады деп, дереу күйеуінің зәрі мен қанынан сынама алған. Бұл сынамалар науқастың шашы мен тырнағының үлгілерімен қоса Ресейден тысқары жерге, шетелдік зертханаларға жіберілген. FBI берген құжаттарда ведомство агенттерінің Евгения Кара-Мурзамен "АҚШ-қа келген бетте" кездесіп, ол өзімен бірге әкелген сынамаларды "уақытша сақтауға алғаны" айтылған. Евгения FBI-ға "аурудың алғашқы белгілері пайда болысымен дереу алынған сынамаларды берген".

Мәскеулік дәрігер "ішкі органдардың алты күнге созылған дерті" деп сипаттаған жағдайда болып шыққан соң Владимир Кара-Мурза үш аптадан аз уақытта аяққа тұрып, Вирджинияға – әйелі мен балаларының жанына оралған.

FBI екі жыл бұрынғы іс-әрекетін қайталап, Кара-Мурзаның қаны мен зәрінен алынған сынамаларды Куантикодағы зертханаға жіберген. Арнаулы қызметтің жартылай ашылған құжаттарына сәйкес, зәр сынамасының бірінде барий мөлшерінің жоғары болуын күдік туғызатын жалғыз нәрсе деп атауға болады. Күдікті растау үшін қан басқа бір зертханаға жіберілген, бірақ сараптама қорытындысында "ешбір улы заттың белгісі табылмағаны" жазылған.

Куантикодағы ФБР зертханасы

Владимир Кара-Мурзаның ісімен айналысқан. FBI агенті 2018 жылдың қаңтарында оған аталған қорытындылар туралы айтқан. Құжатта оппозиционердің "ол қорытындыларға көңілі толмағаны, бірақ ведомствоға сынамаларды тағы бір мекемеге – Ливемор ұлттық зертханасына жолдауға рұқсат беруге тілек білдіргені" жазылған.

Владимир Кара-Мурзаның денсаулығы жайлы Мәскеудегі дәрігерлердің анықтамасы.

Калифорнияда орналасқан Ливермор ұлттық зертханасы – Химиялық қару-жараққа тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымнан "биологиялық материалдарға сараптама жүргізуге" арнайы рұқсат алған АҚШ-тағы төрт зертхананың бірі. Кара-Мурзаның айтуынша, FBI агенті оны "сынамалар сол зертханаға жіберіледі" деп сендірген.

Химиялық қару бойынша сарапшының пікірі

Азаттықтың Орыс қызметі FBI берген құжаттарды, оның ішінде медициналық деректер мен Владимир Кара-Мурзаның зертханада жүргізілген сараптама қорытындыларын химиялық қару бойынша сарапшы, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның Скрипальдердің улану оқиғасын зерттеуге қатысқан бұрынғы қызметкері Марк-Михаэл Блумға көрсетті.

Блумның пікірінше, құжаттар ресейлік дәрігерлердің Владимир Кара-Мурзаның аяқ астынан ауырып қалуының себебін шынымен анықтауға тырысқанын көрсетеді. Бірақ олар науқасты улауға холинэстераза ингибиторлары қолданылған күннің өзінде, оны анықтауға мүмкіндік бермейтін тым "консервативті әдіс" қолданған. Бұған қоса сарапшы америкалық зертханада жүргізілген Кара-Мурзаның биологиялық материалдарының сараптамасы жөніндегі де пікір білдірді.

Блум Кара-Мурза ауруханаға түскен кезде әдетте органофосфаттардан уланған адамдарда кездесетін миоз (көз қарашығының кішіреюі) сияқты ауру белгісі байқалмағанына назар аударады. Сарапшы "Новичок" сияқты 4-санатқа жататын, соғыста қолданылатын улы заттар жүйке жүйесін зақымдайтын басқа улармен салыстырғанда мүлде бөлек ауру белгілерін туғызатынын атап айтты. Дәрігерлер фосфорорганикамен уланудың белгілерін байқаса, холинэстеразаның белсенділігін тексеретін тест жүргізуге болар еді. Бұл осы топқа жататын заттан улану ықтималдығын растауға не жоққа шығаруға көмектеседі. Сонда Кара-Мурзаның сынамаларын нақты улаған затты анықтау үшін зертханаға жіберуге болар еді. "Мұндай типтегі улану өте сирек кездеседі, сондықтан тіпті тәжірибелі дәрігердің өзі оны басқа улану түрімен шатастырып алуы мүмкін. Мысалы, Скрипальдер ауруханаға түскеннен кейінгі алғашқы минуттарда оларды аса көп мөлшерде есірткі пайдаланудан емдей бастаған" дейді Блум.

"Қолымдағы құжаттарға қарасам, маған Кара-Мурзаның жүйке жүйесін зақымдайтын удан улану ықтималдығы аз болып көрінеді. Бірақ ол нұсқаны толықтай жоққа шығаруға да болмайды" дейді Блум.

Блумның пікірінше, Кара-Мурза холинэстераза ингибиторынан уланған күннің өзінде, АҚШ әділет министрлігі берген құжаттарда зерттеу қорытындылары қамтылған зертханалар оның сынамаларынан бұл затты тіпті теориялық тұрғыдан да таба алмас еді. Ол АҚШ-та мұндай сараптама жүргізуге қабілетті небәрі төрт зертхана барын, олардың қатарына Кара-Мурзаның биологиялық материалдарын жіберу көзделген Ливермор ұлттық зертханасы кіретінін айтады.

Блумның айтуынша, Кара-Мурза уландым деп отырған оқиғадан кейін екі апта ішінде науқастан алынған қан мен плазма сынамасы сақталған болса, оларды Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның аккредитациясынан өткен зертханалардың біріне жіберіп, құрамында холинэстараза ингибиторының бар-жоғын тексеріп көруге болады.

FBI Владимир Кара-Мурзаның талабымен берген 241 беттен тұратын құжатта Ливермор ұлттық зертханасы мүлде аталмаған. Зертхананың баспасөз хатшысы Стив Уэмплер Азаттықтың Орыс қызметіне басқа ұйымдардың тапсырысымен жасалатын сараптамалардың қорытындылары тапсырыс берушінің иелігіне өтетінін айтты. "Сіз айтқан ресейлік оппозициялық белсендінің ісі аясында біздің тарапымыздан көрсетілуі ықтимал қызметтерге қатысты да осы тәртіп қолданылады" деді Уэмплер.

"Кремльдің осындай оқиға болған әр уақытта өзін ақтап алатын шындыққа ұқсас дәйектеріне тосылмау үшін осы сараптама қорытындыларын алғым келді. Саяси қарсыласы, тәуелсіз журналист, жемқорлыққа қарсы шыққан белсенді, басқа жаққа қашқан адам немесе кез келген азамат улау құрбаны болған әр жолы Ресей билігі сол оқиғаның балама нұсқасын ұсына бастайды" дейді Владимир Кара-Мурза.

FBI берген құжаттардың ішінде осы ведомство агентінің 2017 жылы 9 наурызда Владимир Кара-Мурзамен кездесуін сипаттап жазған қызмет хаты бар. Ол Кара-Мурзаның зертханада жасалған сараптама нәтижесі түпкілікті қорытынды бермегенін түсінгенін, алайда оның Федералды тергеу бюросынан өз ісінің қасақана улау қылмысы ретінде қарастырылғанын дәлелдейтін жазбаша пікір алудан үміттенетінін жазған.

Бұған қоса хатта "америкалық заң шығарушылардың қолдауына сүйеніп, FBI құжаттарына қол жеткізуге талпынған Кара-Мурза мақсатына жету үшін ведомствоға ары қарай да қысым көрсетуге өз байланыстарын пайдаланатынын білдірді" делінген.

Владимир Кара-Мурза "Басты мақсатым – зертханада жасалған сараптама қорытындыларын алу болды. Ал Федералды тергеу бюросынан нақты бір заттың атауын құпия қалдырғысы келсе, маған улануымның себебін маған тым болмағанда жалпылама түсіндіруін сұрадым" дейді.

АҚШ КОНГРЕСІНДЕГІ ҚОЛДАУ

Владимир Кара-Мурзаның адвокаты Стивен Рейдмэйкер АҚШ әділет министрлігі 1100 беттен тұратын іс материалын беруді 15 қарашаға қалдыратынын заңмен белгіленген мерзім – 15 қыркүйекке бірнеше күн қалғанда ғана хабарлағанын айтады.

Ресей азаматы әрі АҚШ-тың заңды резиденті саналатын Кара-Мурза бірнеше жыл бойы өзінің мүддесін қорғаған Конресс мүшелерімен тығыз байланыста болған. Республикалық және Демократиялық партияларға мүше бірнеше конгрессмен FBI директоры Кристофер Рэйдің атына хат жазып, одан болып жатқан оқиғаға араласуын сұраған.

2018 жылдың басында FBI өкілдері Конгресс мүшелері және қызметкерлерімен өткен талқылау кезінде бірнеше сараптама қорытындысын жариялау мүмкіндігін қарастырып көретінін айтқан. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметіне осы мәселені жақсы білетін адамдар хабарлады. Олар бұл тақырыпты қоғам алдында талқылауға құқығы жоғын алға тартып, аты-жөнін атамауды өтінді. Олардың сөзінше, кейінірек FBI белгісіз себеппен Конгресс мүшелеріне сараптама қорытындыларын жарияламайтынын айтып, бұл мәселе жедел шешілуі тиіс деп санайтын адамдардың көңілін қалдырған.

Владимир Кара-Мурза мен Джон Маккейн АҚШ сенаты комитетінің Ресейге қатысты тыңдауында отыр. 2017 жылдың наурызы.

Конгресс мүшелерінің бірі FBI-ға жолдаған хатында Кара-Мурзаның ауруына себеп болған затты ведомство құпия ұстап отыруы мүмкін деген болжам айтқан.

Ресейлік оппозиционердің Конгрестегі одақтастарының арасында 2018 жылы тамызда қайтыс болған сенатор Джон Маккейн де болған. Оны жерлеу рәсімінде табыттың бір шетін Кара-Мурза көтеріп жүрген. Осы оқиғадан бір жыл бұрын, 2017 жылы 22 қыркүйекте Маккейн FBI басшысына жазған хатында Ресей азаматының ісі жайлы сұрап, әкімшіліктің істі баяу жүргізіп жатқанына шағынып, Кристофер Рэйді бұл тергеуге басымдық беруге үндеген.

Маккейн Рэйге Владимир Кара-Мурзаның аяқ астынан екі рет ауырып қалуы – саяси мақсатпен жасалған қасақана улау екеніне сенімдімін деп жазған.

"Владимирдің … Путиннің өз қарсыластарының көзін жою науқанына ілінгені анық. Мұны кім және қалай жасағанын білу Владимирге өзі лайық әділдікке қол жеткізіп, өзінің және басқа диссиденттердің өмірін қастандық жасаудан аз да болса қорғауға мүмкіндік береді" деп жазған Маккейн.

Мақала ағылшын тілінен аударылды