Accessibility links

Pew Research: Қазақстан "билігі діни сенімге шектеу қоятын елдердің" қатарына енді


Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласында өткен "діни ағым мен сектаға қарсы" билік қолдаған шара. Көрнекі сурет
Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласында өткен "діни ағым мен сектаға қарсы" билік қолдаған шара. Көрнекі сурет

Pew Research Center ұйымының әлемдегі діни наным-сенім индексінде Қазақстан «билігі адамдардың діни сеніміне шектеу қоятын елдердің» қатарына енген. Бұл тізімде Қытай, Иран, Малайзия, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия бар.

Орталықтың дерегінше, 2007-2017 жылдары әлемде діни наным-сенім бостандығын шектейтін заң қабылдаған елдер көбейген. Бұдан бөлек, Pew Research Center өз есебінде «белгілі бір діни ұйымдарды ашық қолдап, басқаларына қысым жасайтын елдердің де саны артқанын» жазған.

Pew Research Center жариялаған «дін салдарынан туындаған әлеуметтік қақтығыстар индексінде» Қазақстан, Қытай, Түркіменстан, Әзербайжан «бейбіт елдердің» қатарында тұр. Ал қақтығыс көп елдердің қатарында Сирия, Ирак, Үндістан, Египет, Пәкістан, Израиль бар.

Pew Research Center – АҚШ пен әлемдегі мәселелер жайлы зерттеу жүргізетін тәуелсіз ақпараттық орталық.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан діни наным-сенімге көп шектеу қояды деп жиі сынайды. Мәселен, АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде «Қазақстан билігі діни наным-сенім бостандығын жиі бұзады» деп жазды.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда діни еркіндікті шектеу әлі жалғасып жатыр"​

USCIRF «Қазақстан исламның ханафи мәзхабы мен православияға жатпайтын басқа діни қауымдарды жиі сотқа тартып, айыппұл салады» деп мәлімдеген.

2019 жылдың басында Қазақстан парламентінің екі палатасынан өткен «Дін туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасы халықаралық ұйымдар мен Батыстың сынынан кейін қабылданбай қалған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен дін саласы бойынша сарапшылар Қазақстан үкіметі әзірлеген діни қызмет және діни ұйымдар туралы заң жобасының бірқатар шектеу нормаларына алаңдаушылық танытты. Соның ішінде «деструктивті діни ағымдар» деген бұлыңғыр анықтама мен «деструктивтіліктің» сыртқы белгілеріне тыйым салу күмән тудырды.

Заң жобасы «дін саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін» полиция өкілеттігін кеңейтуді де қарастырды, жергілікті атқарушы мекемелерді «діни ұйымдардың қызметінің заңнамаға сай екенін тексеру және бақылау үшін» және діни жағдайды бақылау қызметін жүзеге асыру үшін өкілет беруді ұсынды.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанда қазіргі қолданыстағы «Дін туралы заң» (2011 жылы қабылданған) діни құқықтарды шектейді деп сынайды. Бұл заңға сай, діни ұйымдар һресми түрде тіркеліп, қызметіне биліктен түрде рұқсат алуы тиіс. Рұқсат алмаған діни ұйымдардың жетекшілері әкімшілік жазаға тартылады.

Pew Research Center зерттеу ұйымы 2004 жылы құрылған. Ұйым әлемдегі әлеуметтік мәселелер, демографиялық үрдістер және қоғамдық пікір туралы зерттейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG